Ақын Бауыржан Шормақұлының кеші өтті

/image/2023/12/26/crop-12_2_593x1054_5.jpg

Астанада «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері, танымал ақын, жазушы, этнограф Бауыржан Шормақұлының 60 жылдық мерейтойына орай «Тобылғы торы толғауым» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті. Аталған кешке жыр сүйер қауым және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушы-зерттеушілер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш жыр кешін ақын, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы тізгіндеді. Бауыржан Шормақұлының шығармашылығына негізделген  «Мірдің оғы» кітабы, ақынның таяуда ғана баспадан жарық көрген «Ой түбінде жатқан сөз», «Қайран шешем» жыр жинақтарының тұсауы кесілді. Ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов,  ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықттың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын Сұраған Рақметұлы, жазушы Құрманәлі Жүнісқанұлы аталған кітаптардың тұсаукесер рәсімін жасап, ізгі тілектерімен бөлісті. Ақын Бауыржан Шормақұлы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды. Қасымхан Бегманов Бауыржан Шормақұлын Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне өткендігін хабарлап, кеш иесіне жазушылар одағының мүшелік куәлігін табыстады.

свы

Бауыржан Шормақұлы 1962 жылы 26 мамырда ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Іле Қазақ автономиялы облысы, Күнес ауданы, әйгілі Нарат қалашығының Шалкөде елді мекенінде ағартушы, зиялы отбасында дүние есігін ашқан.      1982 жылдан 2005 жылға дейін сан рет аламан айтыстарға қатыса жүріп, Күнес ауданынан бүкіл Шыңжаңға танымал болған ақын-термешілер, жыршылар мен қисагерлер қосынын қалыптастырып, жүзге жуық шәкірт тәрбиеледі. Түрлі салада, әр жанрда қалам тербеп, халықтық мұраларды жинап, зерттеп-зерделеген сан қырлы талант иесі Бауыржан Шормақұлының шығармалары мен жинап-құрастырған еңбектері 20 ға жуық кітап болып жарыққа шықты. «Қорамсаққа қол салдым», «Қоламта», «Қандауыр» жыр жинақтары мен «Тағдыр» атты прозалық кітабы оқырмандар қолынан түспей, 20 мың данамен таралған.  Оқырманы ең көп қаламгер ретінде танылған Шормақұлының шығармаларында өр рух, ұлттық құндылық, азамататтық болмыс, нәзік иірім, астарлы ой, пәлсалық ұғымдар мен терең пайымдар көрініс табады.

Халықтық мұралардың жанашыры ретінде алашшыл ақын Таңжарық Жолдыұлының мұраларын жинап, «Таңжарықтың басылым көрмеген шығармалары» және «Шын тілек» атты кітап шығарды. Ел ішінде сақталған айтыстар, аңыз-әңгіме, өлең-жырлар, қисса-дастандар, мақал-мәтелдер мен әзілдерді жинап «Адуынгер», «Үкілі ырғай», «Күнес халық өлең-жырлары», «Күнес әзіл-қалжыңдары», «Бір кем дүние», «Шежіре», «Баба мұрасы» атты кітаптарды құрастырып оқырман қауымға ұсынды. Елеулі еңбектері үшін 2001 жылы Шыжаң жазушылар одағының қазақ-қырғыз әдебиетіне арналған «Тұлпар» әдеби сыйлығын алды. Қысқасы, Бауыжан Шормақұлы Қытайдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына ерекше еңбек сіңірген, Қытай қазақтары арасында ең көп оқылған, танымалдығы жоғары ақын, жазушы, этногаф, қоғам қайраткері. Ақжүрек ақын 2019 жылы ата жұртқа ат басын бұрып, Астанаға қоныстанды.

Аталмыш кеште есімі елге белгілі әншілер Толғанбай Сембаев, Еркін Шүкіман, Гүлмира Сарина, Дәуренбек Аркенов, Сәулежан Тағзия, Есхат Нұрали, т,б өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелете орындады. Ақын Бауыржан Шормақұлы жүректі тербетер отты өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Күмбірлі күй орындалып, ойлы оқырмандар кезек-кезегімен сахнаға көтеріліп, ақынның әсерлі жырларын жатқа оқып, кештің мәресін асырды. Жемісті жылдар жалғасып, жүрек тербер ғажап жырлар жазыла беретініне сенім мол!

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ
ақын, журналист

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар