Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев дарынды балалармен кездесу өткізді. Жиынға 50-ден астам талантты балалар қатысып, әрқайсысына 100 мың теңгеге сертификаттар табысталды.
Биыл облыс ұстаздарының жүйелі жұмысының арқасында өңір оқушылары халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың, спорттық сайыстардың жеңімпазы атанды.
«Өңірдің даму стратегиясы аясында ғылымды, IT секторын, білім мен мәдениетті нығайтуға бағытталған елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Біз сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз, сондықтан болашақта сендерге арнап Оқушылар сарайын, Конгресс-холл, Мұз сарайы, заманауи мектептер салынады. Былтыр, осындай кездесу барысында, мен өздеріңдей дарынды балаларға, арнайы сыйақы тағайындау туралы тапсырма бердім. Балаларды ынталандыру үшін бұл жұмыстар жалғасын табады. Мұндай бастамалар әрбір баланың әлеуетін ашуға септігін тигізетініне сенімдіміз», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, жастар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Балалар аймақ басшысына өз ойларын, ұсыныстарын жеткізіп, өз өнерлерін көрсетті. Олардың қатарында республикалық мәнерлеп оқу сайысының қатысушылары, халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық және робототехника байқауларының жеңімпаздары бар.
Мәселен, XI Халықаралық «Smart Sarbaz» робототехника байқауының жеңімпазы Олжас Самархан Абай облысында ІТ саласының қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы алаңдар ғана емес, жас дарындардың өз өнерлерін көрсететін орталық құру туралы бастама көтерді.
«Біздің облысымыз жас болса да ІТ саласында халықаралық, тіпті әлемдік турнирлерде айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе, көптеген мектеп оқушыларының осы салаға деген қызығушылығын ескерсек, орталықтың құрылуы бізге айтарлықтай көмек болмақ. Болашақта облысымыз еліміздің «силикон алқабына» айналатынына сенімдімін», - деді Олжас Самархан.
Анықтама үшін: 2023 жылы облыс оқушылары зияткерлік сайыста 78 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын, 21-і күміс, 45-і қола. Халықаралық деңгейдегі жеңімпаздар – 20 оқушы, республикалық деңгейде – 58 оқушы.
Пікір қалдыру