Қуаныш Тұракелдиевтің «Kinopark» желісіндегі кассирші қызды сабағанын ғаламторды пайдаланатын оқырман ұмытпаған шығар. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, мырза балаға қызмет көрсету түрі ұнамаған.
Бұл оқиға бейнебаянға жазылып, ғаламтор желісіндегі ең көп талқыланған жаңалыққа айналды.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс ашылған болатын. Бірақ екі жақ өз-ара келісімге келуіне байланысты ол іс тоқтатылды.
Істің сотқа дейін жетпеуі үшін Қуаныш Тұракелдиев кассирші қыз Меруерт Керімбердиевадан бірнеше мәрте кешірім сұраған. Бұл туралы «Қамшы» портал tengrinews-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қуаныш Тұракелдиевтің қорғаушысы Асқар Үсенбаев айыпталушының өз әрекетіне қатты қынжылатынын жеткізді. Ол Меруерттен бірнеше мәрте кешірім сұраған. Ақыр соңында олар екеу-ара келісімге келген. Қуаныш бұл әрекетінің екінші мәрте қайталанбайтынына сөз берді.
Сотқа арыз жазған кинотеатр да өз арызын кері қайтарып алған. Мекеме қорғаушысының мәлімдеуінше Қуаныш өзі келтірген залалдардың барлық шығынын өтеп берген.