Бірнеше айдан бері қамауда отырған Азат Кәрім есімді қазақ кәсіпкері нақақтан нақақ қамалғанын, өзі жәбірленуші бола тұра, айыпталушыға айналып кеткенін айтып, тергеу изоляторынан ашық хат жолдады. Ол осы арқылы мәселесіне көптің назарын аударып, ісі әділ шешіледі деп үміттенеді.
Ашық хатта оқиғаның егжей-тегжейі баяндалып, ҰҚК-нің қамаудағы экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың марқұм әкесінің де қатысы бары сөз болған.
Азат Кәрімнің айтуынша, оқиға 2014 жылдың аяғынан бастау алады. Ол бизнес бойынша әлдекімдер арқылы бірнеше қытай азаматымен серіктестік орнатып, Астанадан газоблок зауытын салу туралы келісімге келеді. Қытай тарапы 90%, Қазақстан тарапы 10% үлесін бірлесіп істейміз деп уағдаласып, ҚХР-дан инвестицияның алғашқы қаражаты түсе бастаған соң жұмыстар басталады.
«26.05.2015 ж. Астанада «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD» атты фирманы Бөгенбай даңғылы, 28-үй мекенжайындағы менің офисіме тіркедік. Осы ретте ерекше ескерте кететін жәйт: Фирма құрғанда өзге қытайлық азаматтар Астанада болмағандықтан, олардың сенімді өкілі ретінде, кейін қайтарып беретін болып, қытай тарапына тиісті 90% үлес Лю Жунге (Liu Jun) жазылды. Жаңа фирма құрмас бұрын қытайлық серіктестермен бірлесіп зауыт салатын жер іздеп, «Тараз жол құрылысы» ЖШС-ның №101 көшедегі ескі өндіріс базасын барлық жағынан қолайлы деп сатып алып, оны «Кахан Сервис» ЖШС-ның балансына тіркеген болатынбыз. Бұл тіркеуді Астана қаласы әкімдігінің Жер басқармасында қайтадан тіркеткенбіз.
27.05.2015ж. «Nantong Rongshun Building Materials.CO,LTD» «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD» және «Кахан Сервис» ЖШС арасында №1/05-15 келісімшарты жасалып зауыт салу жұмыстары ресми басталды.
Қытайлық кәсіпкерлермен жұмыс істегендер біледі, олардың көбі жұмысты барынша тез істейді, қаржыны барынша үнемдеуге тырысады. Менің қытайлық серіктестерім де сондай болды. Төрт қытайлық серіктесім Астанада алмакезек тұрып, әрбір тиынды қадағалап қана қоймай, құрылыс жұмыстарын тездетуді қузап отырды. Біз өз тарапымыздан құрылыс, құжат, салық, қаржы және өзге де ұйымдастыру жұмыстарын барынша жылдамдатып шешіп отырдық. Шын мәнінде жұмыстың барлық ауырлығы бізге түсті. Басында $22.050.000 (АҚШ доллары) қаржы саламыз деп инвестициялық лицензия алған қытай тарапы 06.2015-08.2017 жж. кезеңінде зауыт салынып болғанша 429.282.063,36 тг. ғана жіберді. Сондықтан құрылысқа қажетті қаржы жетіспей қиындықтар туындады. Қосалқы мердігерлерге қарыз болдық. Өзіміздің техникаларымыздың жұмыс ақыларын тіпті есептемедік (менің екі жүк артатын техникам (погрузчигім) қазірге дейін Лю Жун иелігіндегі зауытта жұмыс істеп жүр, онымен есептесу керек екенін ұмытып кеткен секілді)» дейді Азат Кәрім.
Кәсіпкердің сөзінше, қытайлық серіктестері уағдаласқан қаржыны толық бермегендіктен, зауыт құрылысын аяқтау үшін достары мен туыстарынан қарыз алып, несие ресімдеу үшін пәтерін кепілге қойған. Ол кредитті әлі күнге дейін төлеп келеді.
«Менің бар ойым зауытты тезірек өндіріске қосу болды. Құрылысқа қажеттті қаржы жетіспегендіктен арамызда түрлі келіспеушіліетер де орын алды. Әсіресе А. Оразбаев оларға «Келісімшартты орындамай жатырсыңдар» деп үнемі ескертумен болды. Қытайлық серіктестерім осыдан бастап ішіне кек сақтады деп ойлаймын. Тырысып-тырмысып істеп 2017ж. күзге қарай зауытты өндіріске қостық.
Мәселенің үлкені осы кезде басталды. Лю Жун Қажымқан Мәсімовті (Кәрім Мәсімовтің марқұм әкесі) «жаңа серіктесіміз көмектеседі» деп алып келді. Олар «Көмектесіп қаржы саламыз, өндірістеріңді кеңейтеміз, бірақ бізге кепілдікке «Кахан Сервис» ЖШС-ның 51% үлесін жазып берулерің керек» деп шарт қойды. Қанша қарсы болсақ та, Лю Жун жабысып тұрғандықтан, үкімет басындағы ықпалды адамның әкесінің айтқанынан аса алмадық. Қорқытып-үркітіп, алдап-арбаумен 51% үлесті жазып алған соң сыртымыздан жалған құжаттар жасап, «Кахан Сервис» компаниясына тиесілі жерді қытай тарапына толық өткізіп жіберді. Лю Жун мен олардың арасында қандай құпия келісім болғанын білмеймін, бірақ Лю Жун содан бастап қалған қытайлық үлескерлерді де, мені де алдай бастады. Нотариалды түрде қайтарып берген «Rongshun Astana Building Materials Co.LTD» фирмасының әуелден маған тиесілі 10% үлесін тіркеуден өткізуге асықпады. Қ.Масімовтің көмекшісі Сапаргүл Жабағайлықызы тіркеп беремін деп уәде беріп еді, ол да сөзінде тұрмады. Осы туралы тергеуші А.К.Ибраевқа беттестіру жаса деп талап қойып едік, ол да орындалған жоқ. Бұл әділетсіздікке төзе алмай, 2017 жылдың соңында сотқа жүгіне бастадық, Алғашында мен «жәбірленуші», ал Лю Жун «жауапкер» ретінде соттасып жүрдік. Көптеген сот отырыстары өтті. Әуеліден «Зауытты кім салды? Қандай ақшаға салынды? Өндіріс іске қосылғаннан соң пайдасын кім көріп отыр?» деген сұрақтардың мән-жайына қаныққан соң сот аяқталар, мүдделер бөлінісі анықталып, бәрі орнына келер» деп ойладым. Алайда менің ойлағанымдай болмады. Әркім өз мүддесін көздеп жан-жаққа тартқылай бастады. Маңайымдағылардың Абай айтатын “дарул харап” екенін білдім. Сонда да әділетке деген сенімімді жоғалтпай, қытайлық серіктестен үлесімді, есемді қалай да қайтарып аламын деп жүрдім. Өкініштісі түрлі келеңсіздіктер, сорақылықтар көбейе берді…. Соның бірі - 2023ж. 20 сәуірде Қытайдан іссапардан қайтып «Қорғас» кеден бекетінен кіргенде тұтқындалғаным. 1 сәуірде Астанадан Бейжіңге ұшардың алдында тергеуші А.К. Ибраевқа Қытайға іссапармен баратынымды, ондағы қытайлық үлескерлермен кездесетінімді айтқан болатынмын. Өзі «бара бер» деген болатын. Енді ойласам, Қорғастан қайтпай Астанаға ұшып келгенімде 30 қараша емес, сол 20 сәуір түрмеге қамалар ма едім?!» делінген ашық хатта.
Жәбірленуші Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы А.И.Исаева «Қолымда маған қарап отырған ер жетпеген 4 балам, қарт анам бар, сөзсіз аяқтауға тиісті жұмыстарым бар, пәтерім бар, керек болса кепілдікке қоятын мүлкім де бар, отаншыл жүрегім бар. Мені үйқамаққа шығарыңыз» деген өтінішіме құлақ аспады дейді.
Кәсіпкер Азат Кәрім өзінің әділетсіз отырғанын төмендегідей дейектермен негіздейді:
(1) Астана қаласының Байқоныр ауданы ПБ тергеушісі А.К. Ибраевтың алаяқ, жалақор Лю Жуннің арызын қабылдап тіркеуінің өзі заңсыз. Себебі: Қытайдың «Nantong Shuntu International Trade Co.LTD» компаниясы арқылы Қазақстанға жиыны 429282063,36 теңге инвест сома кірді. Ол компанияның иесі - Jing Hongling. Оның өзі Лю Жун алдап кетті деп соттасып жүр. Сонда мен қалай Лю Жуннің 440.041.750 теңге ақшасын жымқырған боламын? Керісінше Лю Жуннің өзі өзгелердің ақшасына салынған зауытты иеленіп серіктестерін сан соқтырған, оларға жала жапқан күдікті қылмыскер болып шықпай ма?
(2) «Кахан Сервис» ЖШС атынан салынған газоблок зауытын 29.12.2017 ж. мемлекеттік реестерден өткізіп (реестр №2412П) тіркегенде құрылыс-монтаж жұмыстарына 411.589.967,96 теңге жұмсалды деп жазылған. Сол кезде бәрі тексерілген. Марқұм Қажымқан Мәсімовтің адамдары да болған. Бағалап-есептеу (оценка) фирмасы базар бағасы 1.117.593.796 теңге тұрады деп анықтама берген, ол да бар. Осы зауытты алаяқ Лю Жун 2017 жылдан бері иеленіп, өндірген газоблокты сатып пайдасын көріп келеді. Сонда қалай мен 189-бап бойынша бөтеннің мүлкін жымқырған болып айыпталуға тиіспін? Парадокс!!
(3) Серіктестік басталған күннен бастап қытайлық үлескерлердің біреуі болмаса, біреуі үнемі Астанада, жанымызда жүрді. Әрбір тиынның шешіміне араласып отырды. Сонда бізге қандай ақшаны сеніп тапсырған болады? Біз өз ақшамызды қосқаннан басқа олардың қандай ақшасын жымқырыппыз? Әуелі бізге сеніп көріп пе өздері?
30 қарашада түнде мені асығыс тұтқындап түрмеге қамаудың енді бір сыры былай деп ойлаймын: қалған қытайлық үлескерлер 6 желтоқсанда Астанаға келеміз деп маған қоңырау шалған. Олар осы жолы келгенде Лю Жуннен газоблок зауытындағы өздеріне тиісті үлестерін жаздырып алмақші еді. Үлестерін бермей бұрынғыдай түрлі сылтау айтып алдаусыратса, сотқа беруді ұйғарған. Ал үлестерін жаздырып берсе, толық аудит жасап 7 жылдан бері газоблок сатудан түскен пайданы сұрамақшы болған. Алаяқ Лю Жун олардың менімен бірлесіп кетуінен қорқып, мені қаматып отыр. Сонда мені қаралап, оларды алдап тіл табысу оңайырақ болмақ. Менің осы болжамым рас болса, біздің полицейлер кім үшін жұмыс істеп отыр? Осы арадан сыбайлас жемқорлық көрініп тұрған жоқ па? Біздің құқық қорғау саласындағылар, ҰҚҚ, Лю Жуннің маңындағы оралмандардың кімге қанша пара бергені туралы айтып жүрген ақпарат неге тексерілмейді?
Кәсіпкер сөзінің соңын заңсыз, орынсыз, әділетсіз қорлыққа төзе алмайтынын мәлім еткен.
"Еркін өмірдегі туған-туыс, дос-жарандарым, Қазақстанның болашағына бей-жай қарай алмайтын, әділетті Қазақстан құруды сөз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде көргісі келетін әрбір азамат мені қолдайды деп сенемін.
Алыптың күші – халықта,
Халықтың күші – бірлікте" деп аяқталған абақтыдан жолданған ашық хат.
Пікір қалдыру