Оразалиевтің айтуынша, ақпан айында Бөрлі аудандық ішкі істер бөліміне Ақсай қаласының 70 жастағы тұрғыны хабарласқан. Зейнеткер алаяқтардың айласына түсіп қалғанын айтқан. Ер адам WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалып, өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырып, ақшасын депозитте сақтаймын деген желеумен 100 миллион теңге аударуды сұраған.
"Бұған дейін учаскелік полицейлер жәбірленушімен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Соған қарамастан ер адам алаяқтардың айласына түсіп қалып отыр. Ол ақшаны өз бетінше аударған", - деді Батыс Қазақстан облысы ІІД басшысы.
Бас полицейдің айтуынша, батысқазақстандық полицейлер алаяқтардан сақтау үшін облыстың үш мыңнан астам тұрғынының шотын бұғаттаған.
"Егер телефон арқылы шот туралы ақпарат сұраса, тұтқаны қойып, өзіңізге қызмет көрсететін банкке қоңырау шалып, менеджерлерден барлығын анықтаңыз. Айта кетері, қылмыскерлер басқа елдерден де телефон соғады. Олармен мемлекеттік тілде сөйлесуге тырысыңыз. Бұл біздің кеңесіміз", - деді Арман Оразалиев.
Пікір қалдыру