Қазақ халқы көрген түсін де, кірген жылын да жұтқа емес, құтқа санап, алдағы жақсы күндерден жақсылық күтеді. Түсін жақсылыққа жориды, кірген жылын құтқа балайды. Бұл халықтың ұлы үміткерлік рухының жарқын көрінісі деуге болады.
Ал ел мен жерге, жан мен малға жойқын апат әкелетін, тосыннан туылатын, халықтың тіршілік-тұрмысына ауыр зиян салып, залал жеткізетін жаратылыс пен табиғат құбылысынан болатын “Топан су”, “Қуаңшылық”, “Өрт”, “Соғыс”, “Оба”, “Зілзала”, “Қара дауыл - қара құйын” сынды құбылыстар мен алапаттарды “Жеті жұт” не “Тілсіз жау” деп атаған.
Қазақта “Жұт жеті ағайынды, бірінен кейін бірі келеді”, қабаттасып қаптап келетін “Жеті жұттан сақта, қақаған қарлы қыстан сақта”,. “ Жұт жетеу - серігімен сегіз, сергелдеңімен тоғыз, ойранымен он, құтты жерді таңдап қон”, “Жұрт артынан жұт келсе, ойран болар, топан судан көп мал-жан құрбан болар” деген тәмсіл бар. “Апат – салақ пен олаққа үйір, жалқау болмай, апатқа қарсы жүгір” деп тағы айтады. Жұт жұтықсызға жүреді. Зардабы күллі адамға тиеді деп сенеді.
Бұл сөз тіркестері жайдан жай айтылмаған. Адам не тапса, ниетінен табады. Адамдардың пиғылы бұзылғанда, ниеті қарайғанда, берекесі қашқанда, оспадарлықтан айырылса, уәдеде тұрмаса, иманы мен ибасы әлсіресе, тоқшылық қадірін білмей сән-салтанатқа орынсыз берілсе, күштілер әлсізді басынып қорласа, ұрпағы азса, дұрыс жолда жүрмесе, бір-бірін өсектеп, жазықсыз жала жауып қараласа, туыстарынан қол үзіп, өштесіп алыстаса, бірін-бірі алдап-арбап залымдық жасаса, салақтық- жалқаулық басса, жүректен мейірім кетсе, тәабиғатты қорғамаса, жер бетінде күнәлі істер көп істелсе, сол жерде, сол елде жұт жүреді. Апат туындайды деп ырым еткен. Сондықтан мұны жақсы білетін қазақ халқы табанының астындағы қасиетті қара жерді де қара табанымен аяп басып жүретін болған. Жеріміз бен елімізге апат келмесін деп береке-бірлікте болып, жүректегі мейірімнен айырылмайтын, бір-бірін аялайтын “Малым - жанымның садақасы, жаным - арымның садақасы” деп өмір сүретін болған.
Пікір қалдыру