Грантқа ілінбей қалған түлектерге әлі де мүмкіндік бар. Бүгін үкіметте өткен жиналыста Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек осындай жағымды жаңалықпен бөлісті. Оқу орындарындағы атаулы ректор тағайындайтын гранттардан бөлек, еліміздегі ірі компаниялар да жеке грант бөлуде. Олардың жалпы саны 10 мыңға жуықтайды. Оны тегін оқуға түсе алмаған, алайда жоғары балл жинаған түлек ұтып алады.
Бүгін Үкімет отырысы жаңа оқу жылының басталуына арналды. Білімге жауапты қос министр жеке-жеке баяндама жасады. Орта білімге жауапты бас мұғалім Ғани Бейсембаев еліміздің барлық мектептері алдағы жаңа оқу жылына дайын. Биыл білім күні алғашқы қоңырау 4 млн.-ға жуық оқушы үшін жексенбіде соғылады деді. Одан бөлек, биыл мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік шаралары күшейеді. Мектептердің әр бұрышына дабыл түймесі қойылып, бейнебақылау камераларының саны көбейеді.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Жаңа оқу жылында 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бүгінде ақпарат бойынша өңірлердің оқулықтармен қамтамасыз етуі 90% жетіп отыр. Осы жылдың 25 тамызына дейін оқушыларды оқулықтармен толық қамтуды барлық өңірлер аяқтауға тиіс. Әкімдіктер тарапынан тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қажетті қаражат бөлініп отыр. Биыл қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артып отыр. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Биылда 510 мың баланы мектепке дайындалуға қажетті көмекпен қамту көзделген».
Ал, Ғылым және жоғарғы білім минитсрі Саясат Нұрбек болса, даулы грант мәселесіне қатысты шудың нүктесін қойды. Жоғары балл алып тұрып грантқа өтпегендер демек, ол мамандыққа деген конкурстың қатты болғаны деді. Министрдің айтуынша, грант көбіне мемлекеттік тапсырыстың аясындағы мамандықтарға көп бөлінген. Алайда, ҰБТ-дан жоғары балла алып тұрып, тегін білім алуға өтпегендер үшін әлі де мүмкіндік бар деп қуантты.
САЯСАТ НҰРБЕК ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ МИНИСТРІ: «Біріншіден жергілікті әкімдер гранттар бөлді. 3000-дай грант. KazEnergy қауымдастығының гранттары бар. Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түрік Республикасының 500 гранты берілді. Freedom Finance Group компаниясынан 400 грант кеше бөлінді. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800мақсатты грант ұсынды. «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі. Сонымен қатар, Сәтбаев, Есенов, Аманжолов, Торайғыров, Тұран-Астана және тағы басқа университеттер ректорлық 3000-дай гранттар береді. 8000-10000-ға жуық қосымша гранттар берілетін болады».
Биыл оқуға түскен түлектер үшін жатақханамен проблема болмайды деп сендірді жауапты министр.
Пікір қалдыру