Сотта анықталғандай, 2024 жылдың 15 мамырында Пәкістан азаматтары Еуропаға жұмысқа орналасу үшін транзит жасау мақсатында Бішкекке келген. Алайда Қырғызстан астанасында қаржылық қиындықтарға тап болған олар маршрутты өзгертіп, Қазақстан мен Ресей арқылы өтуге шешім қабылдаған.
«Осы мақсатта олар Қазақстанға Қырғызстанның Чолпон-Ата, Қаракөл және Кенсу қалалары арқылы жол тартқан. Кенсудан олар жолды жаяу жалғастырып, бірнеше күннен кейін Қазақстанның шекарасына жеткен. 13 маусымда Алматы облысының Кеген ауданында оларды шекарашылар ұстап, Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өту туралы қажетті белгілердің жоқтығын анықтады»,- деп хабарлады соттан.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, ҚР-ның шегінен тысқара жерге 5 жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«ҚК-нің 62-бабы 3-тармағының 3)-тармақшасына сәйкес сотталушыларды үкім заңды күшіне енгенге дейін ұстау уақыты жаза мерзіміне, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады, осыған байланысты сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден босатылды. Қазақстан Республикасынан тысқара жерге шығарып жіберу түріндегі қосымша жаза үкім заңды күшіне енген кезден бастап орындалуға тиіс»,- деп атап өтті ведомстводан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікір қалдыру