ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта Қарағанды және Павлодар облыстары, Астана қаласы ТЖД күштері мен жергілікті атқарушы органдарынан, ТЖМ 52859 әскери бөлімінен, «Баянауыл» МҰТП-дан жалпы саны 609 адам және 110 бірлік техника, «Қазавиақұтқару» АҚ мен ҚР Қорғаныс министрлігінен 4 әуе кемесі өртті жою жұмыстарына жұмылдырылды.
«Қарағанды облысының Теректі ауылында және Павлодар облысының Желтау қыстағында өрт орны далалық өрт сөндіру штабтары орналастырылды. Өртті сөндіру жұмыстары жерүсті және әуе көліктерімен жүргізіліп жатыр. Жалпы 12 жауынгерлік учаске анықталды. Облыстық ТЖД және ТЖМ Командалық орталығында жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Әуе кемелері өрт ошақтарына 15 рет барып, жалпы көлемі 22 тонна су төкті», — деп мәлімдеді министрліктен.
Министрлік бұған қоса, ақпараттық-психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды облысының ТЖД 8 721 2 51 72 23, Павлодар облысының ТЖД 8 718 2 20 11 12 жедел желі телефондары жұмыс істейтінін еске салды.
Еске сала кетейік, 6 қазан күні Баянауылда жер өртеніп, бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Өрт шалған жерге жақын орналасқан Жұмат Шанин ауылына қауіп төніп тұрған жоқ
Ал бүгін түске таман Павлодар облысының әкімі Баянауылдағы өрттің оқшауланғанын хабарлады.
Пікір қалдыру