Қазақстанда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінбейді – Ақпараттық қауіпсіздік комитеті

/image/2024/10/15/crop-25_7_1035x1840_14-2.jpeg

Үмітжан Арықбекова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында кибермәдениетті қалыптастыру бойынша көп қаржы бөлінбейтінін айтады. Сөзінше, 2024 жылы 8 миллион теңге киберхабарландыру деңгейін есептеуге ғана арналған екен. 

"Біз жыл сайын халықтың киберхабарландыру деңгейін өлшейміз. Былтыр бұл көрсеткіш 80% болған. Биыл бұл жұмыс жүргізілмеді. Себебі бізге 8 миллион теңге бөлінген, ал жұмыс жүргізу үшін өтініш білдірген компаниялар біздің талаптарға сай келмеді. Сондықтан байқау әлі жүріп жатыр. Жыл соңына дейін киберхабарламаны есептеу бойынша жұмыс істейтін компания табылса, 8 миллион теңгені осы бағытта жұмсаймыз. Бірақ комитетте киберқауіпсіздік үшін арнайы қаржы бөлінбейді. Бюджет тек штатқа арналған", – деді ол. 

Сонымен қатар Үмітжан Арықбекова комитеттің сайтына жыл басынан бері неге тек екі ақпарат жарияланғанын да түсіндіріп берді. 

"Бізде ақпараттар тек сайтта орналастырылмайы. Электронды үкімет порталында хабарлама жолдаймыз, бүгін-ертең барлық азамат осы хабарламаны алуы керек. Сайтымызға көп адам кіре қоймайтындықтан, Instagram-дағы парақшаларда видеолар жариялаймыз. Алдағы уақытта бұл олқылықты жойып, сайтымызға да жеке деректерді қорғауға қатысты ақпараттарды жариялаймыз", – деді ол тілшіміздің сауалына жауап беру барысында. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар