Әлеуметтік желіде Мемлекеттік рәміздердің қоқыста жатқаны таспаланған видео тарады. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бейнежазба Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының аумағында орналасқан қоқыста түсірілген.
- Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қоқыста тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында мемлекеттік рәміздермен бірге колледж құжаттары табылды. Рәміздер қоқыстан шығарылды. Жою жұмыстары мемлекеттік ту мен рәмізді ауыстыру және жою ережесіне сәйкес жүргізіледі, – деді Талғар ауданының әкімдігі.
Алматы облысының Полиция департаменті Мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
- Талғар аудандық полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырды. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру