Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов үш жасар Дінмұхаммед Жұмажанмен және оның ата-анасымен жүздесті. Бүлдіршіннің қаладағы Атырау ықшамауданындағы Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы әлеуметтік желіде кең тараған еді, - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болып, рақметін айтты. Ол сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың Мемлекет басшысы атынан жолданған хатын табыстады.
— Кейде көп сөздің орнына бір ғана істің өзі жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Әлбетте, ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады. Бұл — тек тәрбиенің емес, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Өз Отанына шын берілгендіктің белгісі. Осындай әрекеттер Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттігін көрсетеді. Кішкентай Дінмұхаммедтің жасағаны — тазалықты әркім өзінен бастауы керек деген үндеу, - деді С. Шәпкенов.
Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
— Біз өзіміздің ықшамауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Ұлымыздың әрекеті бүкіл елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты, сосын балабақшаға бердік. Сол жақтан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз, сенбіліктерден қалмаймыз. Мен өз ұлымның елдің патриоты боп ер жеткенін қалаймын, - дейді Е. Хайрошев.
Кейін облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.
Еске салайық, Атырауда “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы белсенді жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, елді мекендерді көгалдандырудың аймақтық жоспары бойынша 63 гектар аумақта 145700 ағаш отырғызылмақ