Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлемдеріне қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.
Министрдің айтуынша, алименттер – кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы жоғары төлемдердің бірі.
Жыл басында орындалуға жататын 283 мыңнан астам атқарушылық құжат тіркелсе, оның ішінде 12 835 іс (шамамен 4%) алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты болып отыр, - деді Сәрсембаев.
Министр бұл құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылатынын жеткізді.
Оның айтуынша, алимент өндіру кезінде негізгі кедергі – борышкерлердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауы. Кейбір жағдайларда азаматтар табыстарын әдейі жасыру арқылы төлемдерден жалтарып келеді.
Министрлік жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай артқан. Егер 2020 жылы 1 559 адам жұмыспен қамтылса, 2024 жылы бұл сан 6 232-ге жеткен. 2024 жылы алимент төлемегені үшін 4 642 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 745 қылмыстық іс тіркеліп, 461 іс сотқа жолданған. Нәтижесінде 391 борышкер сотталған, - деп айтты Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің айтуынша, балаларын асырауға ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару - отбасылық-неке қатынастары дағдарысыныңсалдары. 2023 жылы елде 61 080 ажырасу тіркелген, бұл неке қию санының (124 774) шамамен жартысына жуық. Ерлан Сәрсембаев отбасы институтын нығайту мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында кешенді шаралар қажет екенін айтты.
Әділет министрлігі алимент төлемдерін өндіру мәселесін ерекше бақылауда ұстайтынын және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.