Ақтөбе облысында 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген саябақ құрылысы бес жылдан бері аяқталмай келеді. Жоба бастапқыда бір жылда аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда қаржыландырудың үзіліп, тұрақсыз жүргізілуі құрылыс жұмыстарының кешігуіне себеп болған.
Қандыағаш қаласында бес жыл бұрын құрылысы басталған саябақ әлі күнге дейін толық пайдалануға берілмеген. 234 миллион теңге бөлінген жоба аяқталса да, жағдайы мүшкіл. Қазір нысаннан көңіл жұбататын ештеңе қалмаған: сынған орындықтар, күйреген спорт алаңы, жанбаған шамдар мен күтім көрмеген көгалдар.
4 гектар аумақта орналасқан саябақта спорт алаңы, көпірлер, демалыс орындары болуы тиіс еді. Бірақ баскетбол алаңында құрсаулар жоқ, стадион қақпаларының торлары жыртылған, ал бетоны мүжіліп кеткен. Көшелерге орнатылған шамдар алғаш орнатылған күннен бері жұмыс істемейді.
“Кешке келуге қорқамыз”
Жергілікті тұрғын Гүлмира Өтениязова саябақтың қараусыз қалғанын айтып қынжылады:
“Жарық жоқ, барлық шамы сынған. Мен кешке қыдырғым келеді, бірақ бұл жер өте қараңғы. Ал жазда күннен қорғанатын жер жоқ. Көшеттердің бәрі қурап қалды. Олар суарылмаса керек. Мұнда кім келеді?”
2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс нысан бес жылда әрең аяқталып, өткен жылы кемшіліктеріне қарамастан шенеуніктер тарапынан қабылданып кеткен. Қала әкімі Қазбек Аққайыр жөндеу жұмыстары басталатынын айтты:
“Жол төсейтін тастарды жартылай ауыстырамыз. Кейбір жерлерде оның үстінен көліктер жүріп құлаған. Мердігер саябаққа кіре берістегі сынған абажурлар мен гранит тақталарды өз қаражатына ауыстырады. Біз компанияға хат жолдап, жөндеуге бір ай уақыт бердік”.
"Мәңгілік алау" – тек аты бар
Саябақтың қақ ортасына орнатылған "Мәңгілік алау" да тұрғындардың көңілінен шықпаған. Себебі ол ешқашан жанбайды. Бұл жағдайды шенеуніктер “сирек жағылатын символдық элемент” деп түсіндіруге тырысты.
Алайда бұл жауаптар жұртшылықтың наразылығын баса алған жоқ. Әлеуметтік желіде де, қала тұрғындары арасында да 234 миллион теңгеге осындай сапасыз жұмыс жасалғаны қызу талқылануда. Шенеуніктер алдағы уақытта тағы қанша қаражат бөлінетінін нақтыламады.