"СҚО: Бөгетке көмектескен баланың әкесі айыппұл төледі"

/uploads/thumbnail/20250502084904681_big.webp

Тепличное ауылындағы бала көмегі: бір жағынан — үлгі, екінші жағынан — заң бұзушылық

Бірер күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Тепличное ауылындағы бөгетті нығайту жұмыстарына үлкендермен бірге атсалысып жүрген бала туралы хабарлап, оның әрекетін елге үлгі еткен болатын. Бейнероликте жасөспірімнің квадроциклмен қап тасып жүрген сәті көрсетілген.

Әкімдік Руслан мен Динара Мырзабай отбасын бірліктің және туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі ретінде атап өтті. «Олар ауыл тұрғындарымен бірге бөгетті нығайту жұмысына белсене қатысуда. Ұлдары Дастан да үлкендерге көмектесіп, өз квадроциклінде қап тасып, қорғаныс нысандарын күшейтуге атсалысуда. Бұл — өзгелерге үлгі боларлық іс», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Алайда бұл әрекет қоғамда екі түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі: «Бұл баланың қажетті санаттағы жүргізуші куәлігі бар ма?» – деп сауал тастады.

Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 26 сәуір күні Тепличное ауылында бөгетті бекіту кезінде 34 жастағы тұрғын өзінің 10 жастағы ұлына квадроцикл жүргізуге рұқсат берген. Бұл әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 5-бөлігіне сәйкес құқықбұзушылық болып саналады – яғни, көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға көлік тізгінін беру.

Соның нәтижесінде баланың әкесіне 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 196 600 теңге мөлшерінде айыппұл салынды (1 АЕК – 3 932 теңге).

Бір жағынан — азаматтық белсенділік пен патриотизм, екінші жағынан — заң талаптарының бұзылуы. Бұл оқиға қоғамда тәрбиенің, жауапкершіліктің және заңды сақтаудың арақатынасын тағы бір мәрте ойлануға түрткі болды.

 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар