Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды — экс-министрдің өзі мәлімдеді
2025 жылғы 10 маусымда әлеуметтік желілерде бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөнінде ақпарат тарады. Жазбаларда экс-министрдің Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отырғаны туралы айтылған.
"Руслан Жақсылықов Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеу амалдарына байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді", – делінген алғашқы тараған хабарламада.
Алайда аталған ақпаратты Tengrinews.kz тілшілері нақтылап, Руслан Жақсылықовпен видеоқоңырау арқылы тікелей сөйлескен. Экс-министр бұл мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.
— Бұл бос сөз. Біріншіден, тек ресми ақпарат көздеріне сену керек. Қазіргі уақытта мен демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берілді. Соңғы үш жарым жылда алғаш рет демалысқа шығып отырмын. Өздеріңіз білесіздер, бұл қызмет үнемі толықтай уақытты талап етеді, — деді Жақсылықов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ол Астанадағы үйінде, отбасымен бірге демалып жатыр. Тіпті балаларына арнап аулаға батут орнатып қойғанын да атап өтті.
Сонымен қатар, Жақсылықов жалған ақпарат таратқандарға қатысты құқық қорғау органдарына жүгінуге ниетті екенін білдірді.
— Ар-намысым мен абыройыма нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандардың үстінен заң аясында шара қолдану үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін, — деді ол.