Қазақстанның Қатардағы елшілігі азаматтарды сабыр сақтауға шақырды

/uploads/thumbnail/20250624134516925_big.webp

Қазақстанның Қатар Мемлекетіндегі елшілігі сол елде уақытша жүрген азаматтарға ресми түрде үндеу жариялады. Қазіргі ахуалға байланысты жасалған мәлімдемеде, Қатар аумағында бейбіт тұрғындарға тікелей қауіп төніп тұрмағаны атап өтілген.

«Азаматтардан сабыр сақтап, тыныш әрі қауіпсіз жерлерде болуды, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануды сұраймыз», – деп хабарлады дипломатиялық өкілдік.

Сондай-ақ елшілік Қатарда әуе қатынасының уақытша тоқтатылғанын еске салды. Әуе кеңістігі ашылғаннан кейін, туристердің елге оралуы бойынша нақты мәліметтер отандық туроператорлар арқылы берілетін болады. Қазіргі таңда осы бағытта ұйымдастыру шаралары атқарылуда.

Қазақстан дипломаттары жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда Қатар және Қазақстан тарапынан жауапты органдармен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша әрекеттер қолға алынатыны айтылды.

«Жағдай тұрақталғанша үйден шықпай, барынша қауіпсіз жерлерде болуларыңызды өтінеміз», – делінген елшілік таратқан хабарламада.

Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде хабарласуға арналған байланыс нөмірлері де жарияланды:

📞 +974 4411 0527
📞 +974 4412 8015
📞 +974 5064 9955

Айта кетсек, 23 маусым күні Иран АҚШ-тың Қатар мен Ирак аумағындағы бірқатар әскери нысандарына соққы жасаған болатын. Осыдан кейін Қатар билігі Тегеранның әрекетін айыптайтынын ресми түрде мәлімдеді.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар