ТҰРМЫС ОҢАЛМАЙ ҚОҒАМ ТҮЗЕЛМЕЙДІ!

/uploads/thumbnail/20170708201607916_small.jpg

Тағы бір жас қыршын өзін-өзі өлімге қиды... Тірі адамның өртеніп-өлім құшқанын шімірікпестен камераға түсіріп, асқан бейқамдықпен әлеуметтік желіге "сүйіншілей" жүктеп-жеткізгендер өз арамызда жүр... Ал интернет иіріміндегілер үшін шуласып-дауласатын тағы бір тақырып табыла кетті... Кешеден бері илеп-илеп, иінін қандырдық... Билік әдеттегідей құрғақ ресми ақпармен шектелді...

Қоғам болса, бұл суицидтің астарына үңіліп, мұның артында "көлеңкелі күштердің астыртын саясаты жатыр ма", әлде өзіне-өзі қол салу – әлеуметтік лифтінің төменгі қабатында әбден титықтаған жандардың жүгінер соңғы инстанциясына айналды ма дегендей сауалдарға жауап іздеп жатыр... Өткен жылдың алты айында (ресми мәлімет)1448 қазақстандық суицид жасапты...Тағы бір ақпарат көздерінде бір жылда 8 мыңға жуық адам қаза табады деген бейресми мәлімет жүр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан суицид бойынша оныншы орында. Неге? Неге? Неге?

Биліктің мінберінен, баспасөз бетінен, әлеуметтік желіден осы сұраққа жауап іздеп шыңғырып жатырмыз... "Здоровое тело, здоровый ум и здоровая речь творят гармоничную личность" дегенді оқып ем... Меніңше, тұрғынның тұрмысы оңалмай, қоғамнан сөзі түзу, жаны жайсаң, өзіне мығым тұлғаның қалыптасуын талап ету бекершілік... Бау-бақшаға су құймасаң солып қалады, ал күтімін келістірсең жайқалып жеміс береді... Халық та тура сол жеміс секілді... Бапты қажет етеді... Жағдайын жасасаң ғана, гүлдеп-көктеп, өсіп-өнеді... Біздің банктерді неге Батыс несиелендіруден бас тартты. Себеп, "сақалды" несиелер бізде 30%. Жазда Президенттің нұсқауымен 250 млрд. бөлініп, проблемалы кредиттің 10 пайызын бюджет жапты. Өйткені көпшілік алған несиесін қайтаруға қауқарсыз... Әйтпесе, қарызымызды қайтарғанша, нанға қара суды былғап ішер қазақпыз... Елдің әлеуметтік жағдайын тиісті деңгейде шешу үшін не істеу керек... Макро-микроэкономикалық факторларды тізбектемей, қарапайым қолдан келер дүниені сөз етсек... Әкімдер қаланы қалай сәулетті етем деп жанықпауы керек, әрбір тұрғынымды қалай дәулетті етем деп тырмысуы тиіс... Шенеунік мына жобадан қалай пайда табам деп емес, бұдан азаматтарға нендей пайда келеді деп қам қылса... Шенді-шекпенділер өз отбасына қалай жағдай жасап отыр, дәл солай халқын аялап-мәпелесе...Және әрине кез-келген қызметкер, азамат биліктің алдында емес, халықтың алдында ұпай жинауды мұрат тұтса... Ішкі иммунитеті мықты халық қана, түрлі соққыларға тойтарыс беріп отырады... Әрине, мұның бәрі "банально" естілуі мүмкін... Бірақ, әлеуметтік ахуал оңалмай, қоғам депрессивті көңіл-күйден арылмайды! Әділет айту бізден,төрелік көптің қақы!

Дина Төлекованың фейсбук парақшасынан

Қатысты Мақалалар