Жаңа Еңбек кодексі қандай жаңалықтарға ие?

/uploads/thumbnail/20170708203133164_small.jpg

Өткен аптада Қазақстан парламенті Жаңа еңбек кодексінің жобасын мақұлдады. Жақын күндері еңбек қатынастарын реттейтін бас құжатқа Елбасы қол қояды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Жаңа кодексте дағдарыс жағдайындағы еңбек қатынастары арқау болған мәселелер еніп отыр. Ең алдымен еңбек келісім-шартына өзгерістер енгізу тәртібінің жеңілдетілуін айтуға болады. Жаңа құжатта жұмыс берушіге қаржыны үнемдеу мақсатында жұмысшыларды қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақытына көшу немесе жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі берілген. Жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында кәсіпорын тоқтап тұрған уақытта жұмысшыларды ауыстыру мерзімі бұрынғы бір айдың орнына кәсіпорын тоқтап тұрған толық мерзімге ауыстырылған. Сондай жағдайларда жұмыс берушіге қызметкерін денсаулыққа зиян келтірмейтін кез-келген бос лауазымға ауыстыру құқығы берілген.

Сондай-ақ, құжатқа жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісім-шартын бұзуға негіздеме енгізілген. Яғни, келісім-шартты тоқтатуға «өндіріс, атқарылатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемінің кемуі, соның салдарынан ұйымның экономикалық жағдайы төмендеуі» жұмыс беруші тараптың келісім-шартты доғаруына негіз болмақ. Алайда, жұмысшы бұл туралы бір ай мерзім бұрын ескертіліп, бір айлық орташа еңбекақы көлемінде жәрдемақы ала алады.

Сонымен қатар, жұмыс беруші зейнет жасына жеткен жұмысшымен келісім шартты бұзу, кез келген категориядағы жұмыскерлерге сынақ мерзімін белгілеу сынды қосымша құқықтарға ие болып отыр.

Еңбекақы тағайындау, төлеу мәселелеріне де жаңа кодекс бірқатар жаңалық әкелмек. Кодексте жұмыс берушінің өз еркімен, жұмыскерлердің ұсынысымен жалақы тағайындау, төлеу ережелері ұсынылған.

Алайда, кодекс авторлары мұнда кәсіподақтардың өкілеттігі кеңейтіледі дегенмен, сол кәсіподақ ұйымдарының біршамасы жаңа кодекске қарсылық танытып отыр. Түрлі саладағы кәсіподақтардың басын қосқан  Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ҚКФ) «Жаңа жобада жұмысшының жұмыс беруші еркіне тәуелді болып қалғанын, жұмыс берушіге келісімшартты өз қалауымен ұзартуға, қайта жасауға, сынақ мерзіміндегі жұмысшыны жұмыстан шығаруға құқық берілгенін, жас мамандар, мүгедектер құқығы қамтылмағанын, жұмыс берушінің «экономикалық себептер» деген бұлыңғыр уәжбен жұмысшыны жұмыстан босату құқығы бекітілгенін, жұмыс уақытынан тыс еңбектің ақысы қысқарғанын, жұмыс берушінің жалақы көлемін өзі тағайындай алатынын, жұмыс берушіге ұжымдық шарттағы жалақы индексациясын өзгертуге құқық берілгенін, кәсіподақтардың еңбек заңының бұзылмауын қадағалау құзыры қаралмағанын» айтып, мұндай жобаға қарсы екенін мәлімдеді. Тіпті, Маңғыстау облысындағы ірі кәсіпорындар жұмысшыларының басын қосқан 16 кәсіподақ басшылары жаңа кодекске қарсылықтарын жазып Президент пен Премьер-министрдің атына хат та жолдаған.

Сонымен, қоғамда түрлі пікірлерге арқау болған жаңа Еңбек кодексінің жобасы Парламентте мақұлданды. Даулы мәселенің соңғы нүктесін Президенттің өзі қояды.

Дархан Мұқан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар