Кеше Түркияда «Үлкен жиырмалық» - G20-ның саммиті басталды. Әдетте экономикалық мәселелерді сөз ететін басқосуда бұл жолы саясат тақырыбы да тыс қалмайды дейтіндер де бар. Саммитті ұйымдастырушы Түркия халықаралық миграция мен терроризмге қарсы күрес мәселесін талқыға ұсынып отыр.
Саммит басталардан бірер күн бұрын Анталья мен Стамбулда, Белек қалаларында «тазарту» операциясы жүргізілген. «Ислам мемлекеті» және «Джабхат ан-Нусра» ұйымдарының жақтаушылары тұтқындалып, полиция учаскелеріне жеткізілген. Түркия аспаны да бұл күндері қырағы күзетілуде. Елдің әуе кеңістігін F-16, F-15 ұшақтары бақылауға алған.
Сонымен, бұл саммит әдеттегі дәстүрінен жаңылып, саяси тақырыптарды сөз ететін болды. Жиынның күн тәртібіндегі мәселелер Париж оқиғаларынанк ейін өзгеріске ұшырады. Негізгі әңгіме арқауы- Сирия мәселесі мен миграция жайы болу керек деген ұсынысты Түркия тарапы жасап та қойды. Бүгінге дейін қандай да бір нақты мәселелер бойынша талқылаулар бола қоймады.
Әлемдік экономиканың көшбасшылары бас қосқан жиында біршама қаржылық-экономикалық мәселелерді сөз етуге, әркім өз мүддесіне сай ұсыныс, талаптар жасауына болатын еді. Мәселен, Ресейге қатысты экономикалық санкциялар, мұнай бағасы, дағдарысқа қарсы біріккен іс-қимылдар бүгінгі таңда күйіп тұрған мәселелер.
Жиынның басында-ақ Еурокомиссия мен Еурокеңес басшылары Жан-Клод Юнкер мен Дональд Туска, Австралия Премьер-министрі Малколм Тернбулл өзара кездесулері кезінде Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың Минск келісімінің орындалмауына байланысты және Қырымды Ресей құрамына қосып алуға қарлысық ретінде қолданылып отырған шара екендігін, оның таяу арада күшін жою мүмкіндігі қарастырылмайтынын ашып айтты. Сонымен, бұл әңгіме де жабылған сияқты.
Алайда, Ресей Президенті әлемді лаңкестікке қарсы күреске бірігуге шақырудан жалығар емес. Путиннің Украина мәселесін бүркемелеу мақсатынан туған бұл қарекеті де назардан тыс қалуда. Сириядағы соғыс та, кешегі Парижде болған жарылытар да Ресей мен Украина арасындағы шиеленістері көмескілендіре алмады. Батыс елдері Ресейге қарсы жұдырықтай жұмылып, айтқандарынан қайтпай отыр.
Саммит барысында Ресей Президенті Түркиялық әріптесі Р. Ердоғанмен, Ұлыбритания №премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен, Қытай жетекшісі Си Цзиньпиньмен және Сауд Арабиясының королімен кездеседі деп жоспарлануда. АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Кеше Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель жеке жүздесіп, саммит аясында екі ел арасындағы қарым-қатынас жайын талқылауға зор мүмкіндіктер туып отырғанын сөз етіпті.
Әзірге ақпарат құралдары саммит қатысушылары халықаралық терроризмді сөз етіп, Париждегі лаңкестік әрекеттерді айыптаған мәлімдемелер жасап жатқанын ғана хабарлауда. Соған қарағанда, екі күнге созылатын саммитте қандай да бір нақты экономикалық мәселелердің сөз бола қоюы екіталай сияқты.
Саммит соңында қатысушылар экономикалық өсім, әлемдік қаржылық құрылымды нығайту, салық жүйесін жетілдіру, сауда-энергетикалық қатынастарға қатысты қорытынды декларация қабылдауы керек. Бұл мәселелердің барлығы самммиттің екінші жұмыс күнінінің еншісіне қалып отыр.
Бүгінде «Үлкен жиырмалық» елдері әлемдік ішкі жалпы өнімнің 85 пайызын, әлемдік сауданың 75 пайызын, әлем халқының үштен екісін құрайды.