Францияның астанасы Париж қаласында болған қанды қырғын әлем елдерінің жағасын ұстатты. Өйткені аталған терактінің салдарынан 132 адам қаза тауып, 350-ге жуық адам ауыр жарақат алды. Бұл, әрине, француздар үшін орны толмас қайғы болды. Сондықтан да, әлем елдерімен қатар Қазақ елі де француздармен бірге екенін аңғартып, әлеуметтік желіде өзінің ұстанымын білдіріп жатыр. Алайда, Париж оқиғасына байланысты ел азаматтарының пікірі екі бөлініп, өзара дауласуда.
Терроризм – адамзаттың жауы. Оған талас жоқ. Өйткені, Париждегі қанды қырғын кез-келген мелекетте болуы мүмкін. Мәселен, Түркия билігі Парижде терактілер болған күні Стамбулда жоспарланған "ірі террорлық шабуылдың" алдын алғанын хабарлады. Қазіргі таңда Түркия билігі жоспарланған шабуылдың Парижде болған террорлық шабуылдармен байланысы бар-жоғын анықтап жатыр. Айтпақшы аталған елде бұған дейін бірнеше теракті болып, оның салдарынан ондаған адам қаза тапқан болатын. Алайда әлем елдері Түркиядағы қанды қырғынды дәл Франциядағы оқиға сияқты қабыл алмады. Түркиядан бөлек Сирия, Ливия, Мысыр сынды мұсылман мемлекеттерінде күн сайын ондаған адам қаскөйлердің қолынан қаза табуда. Алайда оған әлем елдері дәл Франциядағыдай назар аудармады.
Міне, осыған байланысты әлеуметтік желіде әртүрлі пікір таластар болып жатыр. Нақтырақ айтсақ facebook әлеуметтік желісінде Францияның туын аватарына қойған азаматтарды екінші топ сынап жатыр. Мәселен, Салтан Сайранұлының айтуынша Париждегідей жағдай мұсылман мемлекеттерінде күнде болып жатыр. Алайда, қырғынға ұшыраған мұсылмандардың тағдырына алаңдап әлем елдері шулап жатқан жоқ. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Франциядағы терроризмді айыптайтынын, өйткені дінімізде нақақ қан төгуге болмайтынын ескертті.
– Париждегі террористік оқиға әлеуметтік желілерде, жалпы медиада үлкен дүрбелең тудыруда. Көптеген сезімтал достарым, таныстарым бұл қайғыға қабырғалары қайысып, жүректері езіліп, аватарларына Францияның байрағын іліп тастады. Осылайша қайғыларына ортақтасып, көңілдерін білдіруде. Меніңше, бұл олардың қалайша ақпараттық ықпалға тез беріліп қоятынын бір көрсетіп берген тәрізді. Әйтпесе, Сирия, Ливия, Мысыр, Түркия секілді елдерде мұсылман бауырларымыздың қаны төгіліп жатқанда бұл сезімталдық қасиеттері қайда қалды? Францияда 150 адам өлсе, мұнша адам күн сайын мұсылман елінде өліп жатыр, неге бұған бүйректері бір бүлк етпеді. Демек, әлеуметтік желілердің, медианың құлағын ұстап отырған батыс әлемі халықты қалайша оп-оңай жүгендеп алып, қалаған бағытына қарай айдай салатынын осыдан-ақ көріп қалдық, – дейді журналист.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген екен. Осы тұрғыдан қарағанда Париждегі оқиғаға әлем елдерінің қабырғасы қайысуы орынды. Алайда, аталған жағдай Салтан Сайранұлы айтпақшы Сирия, Ливия, Мысыр сынды мұсылман мемлекеттерде жиі болып жатыр емес пе? Әйтсе де оған әлем елдері Франциядағыдай неге назар аудармай отыр? Осы ретте алаштың атпал азаматы Міржақып Дулатұлының сөзі еріксіз еске түседі. Аталған азамат «Абай» атты мақаласында «Егер Абай қазақтан өзге оязды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінер еді» деген еді. Егер Ливия мен Мысыр оязды жұрттың қатарынан болса Франициядағыдай әлем елдері назар аударып, қабырғасы қайысар еді. Өкінішке қарай мұсылман елінде қаза тапқан азаматтардың өлімі шыбын құрлы болмай отыр. Ұзын сөздің қысқасы, Париж оқиғасы адамның адамнан артық екенін аңғарты.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана