Танымал әртіс Бекжан Тұрыс көрермендерге «Ұлым, саған айтым...» атты моноспектакль ұсынбақ. Бұл туралы «Қамшы» порталы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Әке – балаға сыншыл», бауыр еті баласының қурай басын сындырмас қуыс кеуде болып өспей, экран ішінде есіргендерге еліктемей, ұяда сіңірген ұятын сақтап, әулет абыройын асқақтатып, әлеуметтің жайын ойлар азамат болып өскенін қалайды. Ал, бала қашан да жаңаға ұмтылады.
Әке мен бала арасындағы тартыстың тамырлануынан тек қана түсіністік пен мейірім ғана сақтап қалады. Санаға сыймайтын сауалдарының жауабын жетелі бала ең алдымен ардақ тұтқан әкесінің болмысынан табады. Адамгершілік, қайырымдылық, елжандылық, ұлтына қызмет қылу деген арда ұғымдар балаға теориямен түсіндірілмейді, үй ішінде үлкендердің үлгісімен сіңетін абзал қасиеттер. Бүгінде үлкен мінберлерден байыбына жетіп, тереңіне бойламай айтыла салатын «ұлт, ұлттық ой, ұлттық құндылық» деген көлгірсулерден гөрі, осы бір үркек ұғымдарды ұядағы баласына ерте бастан ұғындырып, жоғатқанды түгендеп, барды бағалауға үйрететін, өз арманы мен мақсатын елдік мұратпен ұштастыруға үндейтін әке тілегі мен келешегін көңіл түкпірінде өзгеше кейіптеген бала көзқарасы әрқашан сабақтас болса игі. Кешегіге қарайлаудан гөрі жаңаның жетегімен жүруді жөн көретін, білім мен білікке көбірек сүйенген бүгінгінің көшбастар буынына иба мен иман қатар сіңсе, бірлікті берекем деп таныса, қатардан қалмасымыз анық.
Ердің жасы 50-ге келіп жатқан театрдың талантты артисі, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде, «Ұлым, саған айтам» атты мерейтойлық моноспектакль өткізіп, баласы Мағжан екеуі мәртебелі көрерменіне мағыналы кеш сыйлайды. Өнер қонған жүрегінің шырылы азаматтық көзқарасы болып айқындалған Бекжан бұл кешін әнмен әдіптеп, жырмен көмкеріп, қадіріне бойлаған қазағын Мағжан екеуі қайыра бір серпілтпек. Кеш М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 6 желтоқсан күні өтпек.