ЕСІМОВТІҢ ЖАҒЫМПАЗДАНУДАН БАСҚА ЖҰМЫСЫ ЖОҚ ПА?!

/uploads/thumbnail/20170708203811185_small.jpg

Енді не бәрі бір жарым жылдан кейін еліміз халықаралық EXPO-2017 көрмесін өткізеді. Алайда, қоғамда әлі күнге дейін аталған ауқымды шараға қатысты әртүрлі әңгімелер айтылып жатқаны жасыры емес. Мәселен, бір топ азаматтар «халықаралық көрме өткізу еліміз үшін тиімсіз» десе, керісінше, екінші тарап «ЭКСПО-дан еселеп пайда көреміз» дегенді алға тартып отыр. Әйтсе де қазіргі таңда осындай пікір таластарға қарамастан халықаралық көрмеге қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Соның бір дәлелі болса керек, күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімовты қабылдады. Ахметжан Смағұлұлын қабылдаған президент «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында ұлттық компанияға зор жауапкершілік жүктелетінін айтты. Сондай-ақ, президент қойылған міндеттердің ауқымдылығын айта келе, оларды дер кезінде және сапалы жүзеге асыру қажеттігін Есімовтың есіне салды.

Ал, Ахметжан Есімов болса атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ, ол президентке  «Экспоның» басты нышаны болуы тиіс шар тәріздес алып ғимаратқа 3 бірдей ат ойластырып келгенін айтты. Ахметжан Смағұлұлы алып шарды «Нұр әлем», «Нұрлы әлем» немесе «Әлем нұры» деп атаған жөн деп есептейді. Алайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа компания төрағасының жағымпаздықпен жасалған ұсынысы мүлде ұнаған жоқ.

Мен екі атауды ұсынамын. Біріншісі, «Әлем шар». Ал сенің айтып отырғаның «Нұр әлем». Бұл маңызды емес. Бірақ «Әлем шар» десек дұрыс болады. Шар деген аты өзі айтып тұр не екенін. Әлем деген дүние. Жер шарының бәрін ішіне кіргізіп отырмыз. Ал сен «Нұр әлем» дейсің. Енді таңдайық, – деді президент.

Алайда, президент алып шардың атауын қалай атау туралы ойланайық деді. Демек «Экспоның» басты нышаны «Әлем шар» емес, мүлде басқа атауға ие болуы мүмкін. Осы ретте аталған нысанды «Ғалам шар» деп атау құлаққа жағымды болар еді деп есептейміз. Өйткені «Әлем шардан» қарағанда «Ғалам шар» деген тіркес бұрыннан қолданыста бар. Алайда экс-әкім президенттің қабылдауында «Экспоның» басты нышанын «Әлем шар» емес, «Ғалам шар» деп атайық» деп айтпады. Бәлкім өзінің «Нұр әлем» деген атауы назардан тыс қалғанына өкпелеген шығар. Бұл жағы белгісіз.

Бірақ бір белгілісі соңғы кездері президент «Нұрға» қатысты жағымпазданып ұсыныс тастағандарды жақтырмай жүр. Мәселен бұған дейін президент «ЭКСПО» қалашығы аясында салынатын сауда орталығын «Нұр Плаза» деп атайық» деген Нұрлан Смағұловтың ұсынысын қабылдамай тастаған болатын.

Сол «Нұр-Плаза» деп атағымыз келеді. Егер келісім берсеңіз жақсы болар еді.

– Осылай жалпақтауды қайдан үйреніп жүрсіңдер?

– Өмір үйретіп жатыр...

– Жарайды, «Астана-Плаза» болсын. Бірақ, әлде де ойланайық.

Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың арасындағы диалог. Сөз соңында президент Есімовке айтқандай «Жарайды, «Астана-Плаза» болсын. Бірақ әлде де ойланайық» деген болатын. Міне содан кейін ілі-шала аталған сауда орталығына «Жібек Жолы» деген әдемі атау берілді. Сол сияқты президент «Әлем шар» деп атайық» деген нысан «Ғалам шар» болып өзгерсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл әрине «Әлем шардан» қарағанда «Ғалам шар» деген ат әдемі естіледі деген ұсыныс қана.

Жоғарыда халықаралық EXPO-2017 көрмесіне қатысты қоғамда әртүрлі әңгімелер айтылып жатқанын тектен тек тілге тиек еткен жоқпыз. Өйткені білікті сарапшылар Қазақ елінің ендігі экономкиалық дамуы халықаралық көрмені қай деңгейде өткізгенге байланысты деген пікірде. Міне осыны біле тұра Ахметжан мырза президентке жағымпаздануды бірінші орынға қойып отырған сияқты. Алайда ол жағымпаздану жарысында «Нұрландыру» әдісінің ескіргенін естен шығарып алды.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана 

Қатысты Мақалалар