Бүгін Астанада бірнеше тұрғын сүрілгелі жатқан баспаналарының орнына үй беруді талап етіп наразылық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.
Наразылық шарасына шыққан келіншектердің қолында «Жақсыбеков, жылатпа!» деп жазылған плакаттар болған. Ал, аналарымен еріп шыққан кішкене балалардың үстіндегі киімдеріне «Бізді үйімізден шығарып көріңіздер!», «Пәтер беруді сұраймыз!» деген талаптар жазылған парақтар жапсырылған.
Акция ұйымдастырушыларын полиция қызметкерлері қалалық әкімдік жанында ұстап алып, автобусқа тиеп әкеткен.
Қала әкімдігінен баспана сұрап жүрген бұл азаматтар – Астана іргесіндегі Өндіріс елді мекенінің тұрғындары. Олар тұрып жатқан баспана сот шешімімен құлатылуы тиіс. Ал, тұрғындар мемлекеттен бөлінетін өтемақы жаңа баспана алуға жеткіліксіз деп отыр. Олар бұған дейін де бірнеше рет осы мәселе бойынша мемлекеттік мекемелерге шағым түсірген екен.