ШӨКЕЕВТІҢ СӨЗІНІҢ ЖАНЫ БАР

/uploads/thumbnail/20170708204018124_small.jpg

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап тұрып, Елбасыға қор жұмысындағы орындаушылық тәртібіне қатысты шағымданды. Көптеген ақпарат құралдары әл-ауқат қоры басшысының бұл әрекетін күлкіге айналдырып, қауқарсыздық деп бағалап жатыр. Алайда, бұл оқиға қор басшысының қауқарсыздығынан бұрын қордың ел экономикасындағы мемлекеттік құрылым ретіндегі әл-дәрмені туралы түрлі ойға жетеледі.

Қалай болғанда да Өмірзақ Шөкеев ойындағысын айтамын деп, жүйелік кемшіліктерді ашып қойды. Оған көз жеткізу үшін Өмірзақ Шөкеев пен Елбасы арасында болған диалогқа қайта бір көз жүгіртсек:

-Ақша бар кезде қордың өкілдіктері балалап кетті. Әлем бойынша «Самұрық-Қазынаның» 36 өкілдігі бар екен. Қазір солар бір-біріне кедергі келтіріп, дұрыс жұмыс жүріп эатқан жоқ. Мен олардың санын үшеуге дейін қысқартып, Лондон, Бейжің және Мәскеуде ғана қалдыруды ұсынамын. Осы үшеуімен-ақ қалыпты жұмыс істеуге болады. Ол үшін біздің қорға тәртіп керек. Біздің өзгерістер туралы айтқандарымыз дер кезінде және жоғарыдан төмен орындалуы үшін.

-Ол тәртіпті кім орнатады?

-Өзгерістер дегенде мен өзімде жоғарыдан барлық холдинг бойынша өкім түсіру құқым болса дегенді айтып отырмын.

-Жаңағы өзің айтқандар бойынша ма? Сені ешкім тыңдамай ма сонда?

-Тыңдамағанда былай ғой. Мысалы мен бір жыл бұрын өкілдіктер бойынша басқарма шешімін шығардым. Бірақ, түрлі себептермен ол өкілдіктер әлі жабылмай отыр. Бұл мысал ғана...

-Сен жассың. Білімің бар, күшің тасып тұр. Саған лауазым, өкілет бердік. Сен ешкім тыңдамайды дейсің. Тыңдаудың өзі ұят мұны. Кім сені тыңдамай жүр. Айт. Мен пәрмен берейін. Кім?

-....

-Өмірзақты «Самұрық-Қазынада» кім тыңдамай жүр?

-Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл жерде көптеген мүдделер бар... Маған Сіздің бірауыз сөзіңіз ғана керек...

Міне, осы жердегі Өмірзақтың «Мұнда үлкен мүдделер бар», «Сіздің бірауыз сөзіңіз ғана керек» дегеніне назар аударған ешкім болмаған сияқты. «Самұрық-Қазына» қорының құрамында үлкен қаражатқа ие алып компаниялар бар, алып компанияларды басқарып отырған алпауыттар бар. Өмірзақты солар шырылдатып отыруы мүмкін.

Негізгі мақсаты ұзақ мерзімді құндылықтарын күшейту және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялар мен басқа да заңды тұлғалардың өзіне меншік құқығында тиесілі акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) басқару негізгі мақсаты болып табылатын қор құрамында не жоқ дейсіз?! Мұнда мұнай-газ, металлургия, энергетика, инфрақұрылым, химия, мұнай химиясы сынды сан салада қызмет ететін компаниялар мен активтер бар.

 

«Самұрық-Қазынаның» сайтында қор қызметінің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады деп көрсетілген:

  1. Қордың жалғыз акционері ретінде мемлекеттің мүдделерін сақтау ;
  2. Қордың және оның компаниялары қызметінің ашықтығы, тиімділігі және икемділігі ;
  3. Шешімдер қабылдауда және оларды іске асыру кезінде жүйелілік және шұғылдық;
  4. Жауаптылық және есептілікте болу.

Яғни, қор басшысы бар болғаны мемлекет мүддесі үшін шешім қабылдау, оны жүйелі және шұғыл түрде жүзеге асыру бойынша ұйымның Жарғылық ережелерінің сақталмай отырғанын меңзеп отыр. Ө. Шөкеев айтқан ол  «мүдделер» қандай мүдде, кімнің мүдделері? Неге ол мүдделер қор жұмысына, сол арқылы мемлекеттің мүдделеріне кедергі келтіруі керек?!

Кеңейтілген жиында айтылған «Самұрық-Қазына» басшысының бұл жанайқайы айтылған күйі қалып қоймайды, биліктің жоғары деңгейінде тиісті шешімдер қабылданады деп үміттенеміз.

Дархан Мұқан

Қатысты Мақалалар