Қазақстанда «Халық маркасы-2016» жобасы басталды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаева мәлім етті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біздің мақсатымыз әлемдік аренада Қазақстанда жасалған өнімдерді көрсету болатын. Сондықтан «Халық маркасы-2016» байқауын Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада ойындарына орайластырмақпыз. Бұл конкурсқа сол Олимпиадада өнер көрсететін барлық спортшыларымыз белсене қатысып, барлығы да өз өңірлерінде шығарылатын тауарларды жарнамалайтын болады. Ал «Халық маркасы» конкурсының жеңімпаздарын Рио-2016 Олимпиадасы кезінде ашылатын Қазақстанның қонақжай үйінде марапаттаймыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, байқауға қатысушылардың өтініші бойынша конкурс мерзімінен ерте басталып отыр.
«Бүгіннен бастап «Халық маркасы-2016» жобасы басталады. Ол ақпан айының соңына дейін жалғасады. Бірінші кезеңде барлық өңірден азық-түлік өндірушілерін, фермерлерін осы байқауға қатысуға шақырамыз. Ал наурыз айынан мамыр айының ортасына дейін халықтық дауыс беру шарасы жүргізіледі. Осылайша байқауға қатысатын 300 компанияның ішінен үздік 50-60 кәсіпорын іріктеп алынып, олардың аттары мамыр айында белгілі болды. Одан кейін тамыз айына дейін жеңімпаз компанияларға Рио Олимпиадасында өтетін үлкен көрмеге дайындалуға уақыт беріледі», - деді Р.Тәжібаева.
Пікір қалдыру