«Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақстан дауысы» байқауының басталғанына көп болды. Ел ішінен өнерлі жастарды танытуды мақсат еткен байқаудың осы күнге дейін бірнеше кезеңі өтіп те үлгерді. Биылғы кезеңі де тартысты өтуде. Оған еліміздің әр түпкірінен, көршілес елдерден де өнерлі жастарымыз қатысып бағын сынауда. Солардың бірі – Сейіт Сауатайұлымен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
-Серік, қадамыңа нұр жаусын дейміз. Бұл байқауға қатысуға қашаннан бері талпынып едің?
- «Қазақстан дауысы» жобасы алғаш басталған жылы-ақ осы байқауда бақ сынап көру менің үлкен арманым болды. Бағым жанып биыл соның ыңғайы туып, додаға қатысудың реті келіп отыр.
- Сені әділ қазылар «Алтайдың ар жағынан келіпті» деп жылы қабылдап, қолпаштап жатты. Өзің жайлы таныстыра кетсең.
- Мен 1983 жылы Іле Қазақ Автономиялы облысының, Текес ауданы, Шыңғыстай жеген жерінде өмірге келіппін.
- Балаға өнер ананың сүтінен, әкенің қанынан дариды деп жатады, өзің өнерге қалай келдің?
- Өнер маған нағашы жағымнан келді. Біздің үйде ән салатын ешкім жоқ, мен ғана. Менен басқа ешкім де ән салмайды. Шешем біраз ән салады. Содан шығар мен өнерге жақын болдым.
- Мадина Садуақасова сені «Ағажайды» үш дауыспен жеткізді деп мақтап жатты. Ән салып жүрген өнеріңмен, талабыңмен арнайы академиялық білім алдың ба?
- Арнайы білім алмадым. Бірақ, қазақтың маңдай алды әншілерінің бәрін тыңдап өстім. Ермек Серкебаев, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев ағаларымыздың өнерінен үлгі алдым. Еліктеп ән салдым.
- Алғаш танысқанымызда елге келуің туралы Мақатаевқа арналып түсірілетін киноға арнайы шақырылдым деп едің. Ол киноға қалай шақырылдың, сол кино көрерменге жол тартты ма?
- Бұл кино мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жетім көл» поэмасы желісінде түсірілмекші болған. Негізі фильмге басында түсідейін түстім, бірақ, кейін техникалық, басқа да себептермен бұл киноның түсірілімі аяқсыз қалды.
- Ал, мына «Қазақстан дауысы» байқауындағы дайындығың қалай жүріп жатыр?
- Бұл жобада қазір әр тәлімгерде 4-тен өнерпаз қалдық. Мен Рүстем Нұржігіттің қолындамын. «Ағажайды» айтқан себебім, қазір әншілер немесе ән салмаққа ұмтылып жүргендер қай-қайдағы әнді айтатын болды. Бұл жақтағы қазақтар ғана зардап көрген жоқ, Қытайдағы қазақтар ғана ауыр кезеңдерді бастан кешті. Мен де заманның зарын айту арқылы елдің мұңын жеткізгім келді. Алла қолдап жеңімпаз болам ба деген үмітім бар!(Күледі). Негізгі мақсатым – қазақтың ән өнеріне өз үлесімді қосу, қазақ әнін насихаттау. Сол мұрат жолында шама-шарқымызша қызмет жасау.
- Рахмет. Өнер жолындағы талпынысыңа сәттілік жолдас болсын дейміз.
Әңгімелескен: Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру