Жүрсін Ерман: "АЛТЫН ДОМБЫРАНЫҢ" ЕКІ ИЕГЕРІ БҰЛ АЙТЫСҚА ҚАТЫСПАЙТЫН БОЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170708204231876_small.jpg

Желтоқсан айының басында Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен «Тәуелсіздікке тағзым» деген атпен республикалық ақындар айтысы өтеді. Бүгінде айтулы жыр додасына дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Дайындық шараларының жай-жапсары туралы дәстүрлі өнеріміздің жанашыры, ақындар айтысының ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман мырзамен сұхбат құрдық. Бұл Жүрсін Ерман мырзаның «Қамшы» порталына осымен екінші рет жарияланып отырған сұхбаты екенін де естеріңізге саламыз.

 
- Айтыстың басы-қасынан өзіңізді қайта көргелі бабадан мирас болған осы бір өнері қайтадан жандана бастағандай. Жақында Алматы әкімдігінің қолдауымен «Алтын домбыра» аламан айтысын өткізуге дайындалып жатыр екенсіз. Сол туралы, басқа да соңғы жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз?

 

- Жыл сайын желтоқсан айында Республикалық айтыстың қорытындысы іспеттес «Алтын домбыра» жыр додасы өтіп жүр. Бұған дейінгі үш айтыс та Астанада өтті. Осыған  дейін Мұхтар Ниязов, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов алтын домбыраны иеленді. Биыл төртінші рет өтпекші. Бұл «Алтын домбыра» Дархан Мыңбай мырза Мәдениет және ақпарат министрі болып тұрған кезден бастап жүйеленіп, қорытынды айтыс ретінде жыл сайын «Тәуелсіздік күні» қарсаңында өтіп келеді. Ал, айтыстың биыл Алматыда өтуінің басты себебіне келсек, өздеріңіз білетіндей Қазақ хандығының 550 жылдығына орай республиканың өңірлерінде үлкен-үлкен айтыстар өтті. Таразда қорытынды айтыс жасалды. Соған байланысты Мәдениет және спорт министрлігінің мәдени шараларға, оның ішінде айтысқа бөлінген қаражаты да азайып қалды. Бұрын «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған, қазір Алматыны басқарып отырған Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек мырза биылғы «Алтын домбыраны» Алматыда өткізуге, сөйтіп, қаржылық мәселесін көтеретін болып ұсыныс жасады. Бұны «Нұр Отан» партиясы басшылығымен талқылап, министрлікпен келісіп шешіп отырмыз. Сөйтіп, алдағы 5-6 желтоқсан күндері «Тәуелсіздікке тағзым» деген атпен «Алтын домбыраның» қорытынды сайысы Алматыда өтеді.

 

- Бұл айтысқа кімдер қатысады, кімдер дүбірлі додадан тыс қалмақ?

 

Әдеттегідей бұл айтысқа да жыл бойы өткен айтыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысуға тиісті. Ақындардың рейтингін жасап, өзіміздің http://aitysker.com/ сайтына біраз ақынның аты-жөнін жариялап қойдық. Кім қай айтыста жүлде алды? Кім қандай орындарға ие болды? Осы бойынша іріктеліп ең үздік ақындар айтысқа қатысайын деп отыр. Бұның сыртында бұған дейінгі «Алтын домбыраның» жеңімпаздарына да айтысқа қатысуға мүмкіндік беріп, шақыру жібердік. Өкінішке орай, «Алтын домбыра» иегерлерінен Мұхтар Ниязовтан басқа, Балғынбек пен Жандарбек айтысқа қатыспайтындықтарын білдірді.


- Биылғы «Алтын домбыраның» «Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек» дейтін қандай тұсын айтар едіңіз?


Басты ерекшелігі - «Алтын домбыра» бірінші рет Алматыда өтейін деп отыр. Екіншіден, Алматының өзінің келер жылы 1000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілмек екен. Одан бөлек Тәуелсіздіктің 25 жылдығы келе жатыр, Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өттік. Атазаңымыздың 20 жылдығы, Халық Ассамблеясының 20 жылдығы сияқты еліміз үшін іргелі-іргелі оқиғалар мен атаулы даталар осы айтыстың үстінде сөз болуға тиісті. Ал, ұйымдастыру мәселесіндегі ерекшелік, бірінші күні айтысқа шыққан ақындар олимпиадалық жүйемен айтысады. Яғни, екі ақынның біреуі жеңіліп, екіншісіне жол беруге тиісті. Бұл – жиырма ақын қатысса, соның ішінде 10 ақын 6 желтоқсан күнгі айтыстың келесі айналымына шығады деген сөз. Айтыстың қызықты өтуіне, тартысты өтуіне, бәсекелі өтуіне септігін тигізеді деп осылай амал жасадық. Бұл бұған дейін де қолданылған шара. Жұрттың арасында «ойбай, ақындар бірімен бірі келісіп қояды екен» деген әңгіме бар. Бұндай амал осы әңгімелерге тиым салу үшін де қолданылмақ. Жеңу үшін ақын барын салып айтысады. Ешкіммен келісімге келмейді деген сөз. Яғни, айтыс әрі бәсекелі әрі әділ өтеді.

 

- «Бір кебісті бір кебіске соқпасақ» отыра алмайтын қазақпыз ғой. Рейтинг жарияланғалы бері ел арасында кейбір кісілерден күңкіл көбейіп, айтысқа анау қатыспайды екен, ел білмейтін ақындар шығады еке. , «Алтын домбыра» емес «Алтын жалатқан домбыра» болғалы жатыр екен деген әңгімелер шықты. Бұған не дейсіз?

 

- Қайталап айтамын. Алдын-ала рейтинг жарияладық. Мұндай әңгіме бұрыннан бар, бола беретін де сияқты. Бұл жолғы жыр додасында да биылғы өткен айтыстарда бас жүлде алған, бірінші орын алған ақындар айтысады. Ешкімді алалап бөліп-жаруға қақымыз жоқ. Кімнің қандай орын алғаны белгілі. Ал, қатыса алмайтын ақындарға келсек, Бекарыс Шойбеков анасы қайтыс болған соң, аза тұтып отырып айтыспай қоя тұрайын деді. Балғынбек Имашев жалпы айтысты қойдым дейді. Жандарбек Бұлғақов мырзаның айтысқа неге қатыспайтынын мен айта алмаймын, бірақ айтысқа қатысудан бас тартты. Айнұр Тұрсынбаева да сөйтті. Басқа ақындардың ешқандай себеп-сылтауы жоқ. Өздеріңіздің де естеріңізде шығар, Алматыда қыркүйекте өткен айтыста, түнеу күні Таразда өткен айтыста Аспанбек Шұғатев, Болатбек Оразбаев, Еркебұлан Қайназар, Еренғайып Күзенбаев, Мақсат Ақанов сияқты ақындар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әсіресе, Тараз бен Алматыда өткен айтыста соңғы жылдары болмаған көркем, өрелі айтыс болды деп халық та, қазылар да бағалап жатыр. Баспасөзде де жарияланып, теледидардан берілді. Сондай ақындар неге қатыспау керек? Барлығына есік ашық. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі, Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қалалық Мәдениет басқармасы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын атқарып жатыр. «Нұр Отан» партиясы қолдап отыр. Сондықтан, халық күткен деңгейде жақсы айтыс болады деп ойлаймын. Әсіресе, Алматы қаласындағы айтыс жанашырларының деңгейі жоғары. Ұзақ жылдан бері айтысты көріп қалыптасқан, айтыспен бірге өскен көрермендер. Талғамдары биік, әр сөздің мағынасын біледі. Сондықтан жақсы жыр мерекесі, жыр жәрмеңкесі болады деп күтіп отырмыз.

 

- Айтыстың өтетін орны мен жүлдесін құлақтандырып, халықты айтысқа шақырайық ендеше!

 

Жыр бәйгесінің бас жүлдесі – 3 миллион теңге. Басқа жүлделері де аз емес. 2 миллион, 1 миллион, 500 мың теңгелік жүлделер бар. Республика сарайында жоғарыда айтқанымыздай, 5-6 желтоқсан, сенбі-жексенбі күндері сағат үште өтеді. Билеттер кассада сатылады. Тағы бір айта кететін ерекшелігі, айтыстың көрермендері қазақ тілді қауым, бұқара халық. Елдің қалтасына ауыр түспесін деп қайсыбір концерттер сиқты 20 мыңнан емес, билет бағасын барынша арзандатып, 500-2000 теңге аралығында қойып отырмыз. Бұл қарапайым халыққа жасалған жақсы қамқорлық деп ойлаймын. Айтысты «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, республикаға тарататын болады. Келіңіздер, көріңіздер!

- Сұхбатыңызға рахмет! Сүбелі айтысқа бірге куә болайық!

Сұхбаттасқан Ерлан Төлеубай

 

Қатысты Мақалалар