Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Қазақтың С.Аспандияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің ректоры А. Ақановқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басында лауазымды тұлға сеніп тапсырылған ірі көлемдегі мүлікті иемдену немесе талан-таражға салды деп айыпталғанымен, сот істі қызмет бабын асыра пайдалану бабына қайта ауыстырған.
2008 жылдан бері университет ректоры лауазымындағы А. Ақанов мемлекеттік сатып алуларға байланысты дауға қалған. Атап айтқанда, 2012 жылы университет пен «Фламинго-9» ЖШС арасында 512 орындық университет жатақханасы құрылысының жұмысын жүргізу туралы келісім шарт жасалған.
Құрылыс аяқталған соң мердігер фирма үш лифтіні және технологиялық құрылғыны орнатпай, атқарылған жұмыстар актісіне университет ректорының қолын қойғызып, нысанды өткізген. Сол арқылы университетке 48997054 теңге шығын келген.
Ақшаны алған мердігер ол қаражатты жұмысшылардың еңбекақысына емес, несие төлеуге жұмсаған. Ал, 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттар өзгеруіне байланысты жатақхана құрылысы аяқсыз қалған.
Сотта ректор өз кінәсін мойындады, бірақ, қаражат жымқыру дерегін жоққа шығарды. ЖШС басшысы лифтіні кейін орнатуға уәде беріп, банктегі несиені төлеу үшін қаражатты аударуды сұрағанын айтты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың жаз айында мердігер фирма мен университет арасында бебіт келісім жасалып, ЖШС жарты жыл ішінде 48997054 теңге көлеміндегі құрылғыларды орнатып беруге міндеттеме алған.
Осы себептерге байланысты медициналық университет өкілдері Ақановқа еш наразылықтары жоқ екенін айтып, судьядан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Прокурор да айыпталушының қылмысынн ҚК-нің 307-бабы, 2-бөліміне (қызмет бабын асыра пайдалану) ауыстыруды ұсынды.
Істің мән-жайын қараған судья Ақановты ҚК 307-бабы 2-бөлімі бойынша айыпты деп танып, оған 2000 АЕК ( 3 964000 теңге) айыппұл салу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, сотталушыға 7 жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға, жергілікті басқару органдарында қызмет етуге тыйым салынды. Енді ректор аталған соманы үкім күшіне енген соң үш тәулік ішінде мемлекетке төлеуі тиіс.
Осыған қарамастан, айыпталушының қорғаушылары аппеляциялық шағым дайындап жатқандықтарын айтқан.