Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Аталған заң жобасы елімізге жоғары білікті шетелдік мамандар тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында президенттік бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға, сондай-ақ халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы саласындағы саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ, заңда шетелде тұратын қандастарымызды атамекенге қоныстандырудың және оларды әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Заң күшіне енген соң, отандастардың ел азаматтығын алу мерзімі қысқарып, тағы бірқатар жеңілдіктер ұсынылмақ.
Жаңа заң мәтіні ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
КЕЛІП ТҰР АҚОРДАНЫ АЛТЫ АЙЛАНҒЫМ
(Елбасымыздың
ҚР «Халықтың көші-қоны» туралы
Заңына қол қоюына
орай)
Арттағы ел үміт артып жіберді деп,
Әр күні қайрттанып, түрем білек.
Патшаң арманыңды орындаса,
Жүрегің кетеді екен шын елжіреп!
Астанам Алпамыстай марқайды әр күн,
Сапында ол бүгін Мәскеу, Шаңхайлардың...
Қағбаны айланатын қажылардай,
Келіп тұр Ақорданы алты айланғым!!
Бір қазақ бір қазақты жетелесең,
Кетесің араласып етене сен!
Заңға анау қойған қолын Нұрекеңнің,
Барып бір қысқың келіп кетеді екен!!!
Қуаныш сыйласам деп әр аптада,
Жүгірдім Мәжіліске далақ қаға.
Айтылып қала ма деп жақсы хабар,
Телмірді ел «Facebook»-тегі парақшама.
Аққулар ұшсын бері тұтас көлден,
Бақыт қой Еліңе кеп, құшаққа енген!
Есігін жаздай қақтым Министрдің,
Қолымда ескі портфель Мұқаш берген...
Мінеки, артта қалды соның бәрі,
Елбасым ел тілегін орындады.
Бұл да бір игілікпен біткен шаруа,
Мәңгілік Ел болудың жолындағы.
...Немере, шөбереңді мінгестіріп,
Енді бір жалтақтамай, шын көшші, жұрт!
Бұл Заңның мәні бөлек, жөні басқа,
Білгенге, бір нүктесі – бір бестілік!!!
Ауыт Мұқибек
24.11.2015
Астана