Қостанайдың 92 жастағы тұрғыны Ярослав Харенко табаны таймайтын етік ойлап тапқан. 30 жыл бұрын көктайғақта құлап қатты мертіккен қарт тұрғын, таймайтын табанды өзі жасап шығарған. Бұл туралы "Қамшы" порталы Астана арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Кейін Ленинград етік фабрикасына айрықша аяқ киімді жаппай өндіру жайлы ұсыныс жасапты. Бірақ өнертапқыштың өтінішін бұрын да, бүгін де ешкім ескермей отыр.
Қалалық билік өкілдері зейнеткерге қалталы азамттарға жүгінуді нұсқапты. Ал көнекөз қария болса, көктайғақтан жарақат алып жатқан жандарға жаным ашиды-, дейді.
“Мен Қостанай билігіне хабарласып, таймайтын табан шығаруды ұсындым. Қазір қаншама көпшілік көктайғақтан зардап шегіп жатыр. Ал олар болса, тек кеңес берумен шектелді. Маған бизнесмен тауып, ұсынысыңызды соларға жеткізіңіз”, – дейді зейнеткер Ярослав Харенко.
Қостанай облысында үш күннің ішінде көктайғақтан зардап шеккен тұрғындардың саны 500-ге жуықтады. Бұл күндері өңірдегі жарақат бөлімшелерінің түгелі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр, – дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері. Үш тәуліктен бері тек қалалық ауруханаға үш жүзге жуық адам жүгініп, қатты зақым алған елу науқас емделуге жатқызылыпты.