Елордада көктайғақтың салдарынан 200-ден астам адам травматологтардың көмегіне жүгінген

/uploads/thumbnail/20170708204645239_small.gif

Астанада көктайғаққа байланысты дабылды ескерту жарияланды. Қалалық коммуналдық қызметтер жолдарды қатып қалған мұздан тазартуда. Осы күнге дейін қала бойынша 305 м3 құм-тұз қоспасы төселген. Бұл туралы "Қамшы" порталы astana.gov.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазіргі кезде қала бойынша қар жинау жұмыстарына 2260 жұмысшы, оның ішінде «Алматы» ауданында - 1171, «Есіл» ауданында - 491 және «Сарыарқа» ауданында - 598 жұмысшы тартылды. Қала бойынша 37 құм себетін, 87 тротуар жинауға арналған машина, жалпы көшелерді жинауға 700 коммуналдық техника бірлігі жұмылдырылды. 

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, тәулік ішінде 252 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген, соның ішінде 126-сы көшеде құлап, жарақат алған. Тұрмыстық жарақат алғандар саны - 44, аяқ-қолы сынып, шығып, буын тайып кеткендердің және т.б. саны - 65.

Елордалық медициналық мекемелер зардап шеккендерді қабылдауды жалғастыруда. Дәрігерлер қала тұрғындарын абай болуға және жол жүру ережесін сақтауға шақырады.

- Жарақат алу жағдайлар саны айтарлықтай өскен жоқ. Барлығы қалыпты норма шегінде. Ең алдымен, адамдар жайлы аяқ киім киюі тиіс, бойжеткендердің биік өкшелі аяқ киімдерден бас тартқаны абзал. Жаяу жүргіншілер жолдан өткенде жол жүру ережесін бұзбауы керек, өйткені көктайғақта машиналардың тежегіштері бірден іске қосыла бермейді. Жарақаттың, аяқ-қолдың сынуы, шығып кетуі байқалған сәтте бірден травмотологиялық пункттерге бару қажет,- дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Иван Ли.

Қатысты Мақалалар