Жириновский, Жириновский дейміз. Оның сөзі кім, өзі кім? Біздің Ахметбеков, Косарев, Амантай - Аттан деңгейіндегі клоун емес пе ол? Қазір бір сөз, одан кейін басқаша сөйлейді. Бір сөзбен айтқанда, айтатыны - сандырақ сөз. Біз басқа нәрсеге назар аударайық: қазақта шегара болмаған бұған дейін деген кім? Өзіміздің басшымыздың өзі солай айтып отырса, Жириновскиге несіне ренжиміз? Кейін оған өзі де ойланған болар, қазір ондай айтпас, ал болашақта бұлай айтқан кез келген адамды соттайтындай деңгейге жету керек! Ақпараттық қауіпсіздікті Ресейдің қолына ұстатып қойған кім? Қазір осы елдің ішінде отырған сіз бен біздің сөзімізден, болмаса, білдей бір министрдің сөзінен гөрі Жириновскидің айтқаны тез тарайды, елде қоғамдық пікір тудырады! Неге? Не себепті, біз Украинадағы жағдайға Ресей ақпаратының көзімен қараймыз? Мен үшін, мәселен, Жириновский де бір, әсіреұлтшылдық үшін 77 адамды жайратқан Брейвик те бір! Бірақ, Брейвик қылмысын жасамайынша, ондайдың барын да білмейміз. Ал шетелдегі Жириновский сөзі күнде құлағымызда тұрады! Осының барлығын қолдан тапсырып қойған кім? Және оны қалай түзейміз? Ал бұдан былай, Жириновский, Лимонов, Князев сияқтыларды мүлдем эфирге шығармау, Қазақстанға кіргізбеу керек! Сол сияқты Кремль идеологиясын күндіз - түні біздің ақшамызға таратып жатқан Еуразия тәрізді арналарды Қазақстан аумағында таратуды тоқтату керек!
Егер күні ертең Қазақстан билігі Жириновский мен Лимоновтардың мәлімдемесіне қатысты қатаң талаптар қойып, ол екеуін елге кіргізбеу туралы шешім шығармаса, Ресейге бізден кешірім сұрата алмаса және кедендік одақтан шығатынын мәлімдемесе, Ақорда сол позициямен келіскен болып шықпай ма?!