Қазақстандық «электронды демократия» мәселелері және болашағы

/uploads/thumbnail/20170708151259430_small.jpg

Билік пен бұқараның байланысы ара­сындағы жаңа әдіс – электронды байланыс болуы заңды да. Соңғы жылдары дамыған әлем елдерінің озық технологиялар саласындағы жетістіктері мен прогрессивті қадамдары билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңаша инновациялық форматтарын дүниеге әкелді. Десек те, билік тарапынан электронды демократия орнатудың көптеген проблемалары күн тәртібінде тұрады. Ал, көне замандардан, Де­мокрит дәуірінен билікті қарапайым халықтың бақылай, қадағалай алуы жайлы демократиялық құндылықтар қашан да қай заманда болмасын шешімі табылмаған күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Әлем елдерінде биліктің қоғаммен байланысында ең үздік үлгі мынау дерліктей дайын модель жоқ. Бұл әр елдің, әр ұлттың, әрбір халықтың мәдениетінің, салты-ғұрпы мен рухани құндылықтарының ерекшеліктеріне және олардың ешбір қайталанбас даралығынан туындаса керек.

Демократиялық қоғамға ұмтылған Қазақстан билігі мен қоғам арасында да байланыс орнатудың жаңа замандық үлгісі өмірге батыл еніп келеді. Оның нәтижесі биліктің халыққа жақындай түсуі, әр азаматтың көкейіндегі мұң-мұқтажын айқындау мүддесінен туындаса, ал, халық барынша қоғамның қажетті бөлігі ретінде өзін бір табан болса да билікке жақындай түсуін сезіне алады. Ақпараттық дамудың  нәтижесі ретінде «электронды үкімет» жүйесінің құрылуын атауға болады. Бүгінде  «e-governments» қалыптасуының тиімді де кешенді шешімдері табыла қоймады. Әдетте оқшауландырылған мәліметтер базасының арналары бар қолжетімді инфрақұрылым қандай да бір ауқымды территорияда жаңа типті мемлекеттік құрылым моделін жүзеге асыруға мүмкіндік бермесе керек. «Электронды үкімет» қалпына (стандартына) жа­қындай түскен мемлекет ретінде Сингапур – территориясы шектеулі және ол ав­торитарлық басқару режимінде. Ақпараттық қоғамға өтудің басты құралы ретінде мемлекет, қоғам және бизнестің мүмкіндіктерін шоғырландыратын әдетте арнайы мемлекеттік бағдарламалар дайындалады. Тұтас алғанда балама бағ­дар­ламалар көптеген еуропалық елдерде, Орталық және Оңтүстік Амери­ка мен Оң­түстік-Шығыс Азияның бірқатар ел­де­рінде қабылданған. Мұндай бағдар­ламалардың басты элементтері – арзан да жалпыға қолжетімді Интернетпен қамту, «электронды үкіметтің» дамуы,  онлайн бизнесі мен білім беруді арттыру саналады. Ресейді «Электронды Ресей» бағдарламасы 2001 жылдан басталса, Қазақстанда «электронды үкімет» мемлекеттік бағдарламасы 2005 жылдан басталды. Электронды үкіметті қолданысқа енгізудің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік ақпараттық саясат Концепциясындағы отандық моделін жүйелі түрде қарастырған абзал. Мемлекеттің ақпараттық кеңістігін жүйелі сараптау және толық ақпарат ағымын басқаратын объект ретінде қарастыру нәтижесінде мемлекеттің ақпараттық саясатының негізгі стратегиялық мақсаты мен толыққанды функционалдық міндеттері анықталуы тиіс. «Электронды үкімет» жобасының ең басты міндеті, Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін құру және дамыту болып табылады. Қазақстанда «электронды үкімет» құрудағы мемлекеттің ақпараттық саясаттың басты жетістігі ұлттық моделінің қалыптасуы саналады. Бұған Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдары  «Электронды үкімет» құрудың Мемлекеттік бағдарламасы, «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңы және ҚР ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын құру және дамыту Мемлекеттік бағдарламасы болды. Қазақстанда «электронды үкіметті» енгізу бағдарламасының негізгі идеясы мемлекеттік ақпараттық технологияларды басқару саналады. Электронды үкіметтің стратегиялық мақсаты азаматтардың мүдделері негізінде мемлекеттік мәселелердің жүзеге асуына ықпал ету, мемлекеттік басқару процесіне белсенді түрде қатысуын қамтамасыз ету. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі ішкі және сыртқы қарым-қатынасты ақпараттық коммуникативтік технология және желілік инфрақұрылым негізінде трансформациялау саналады. Бұл халыққа  мемлекеттік қызмет көрсету процесінің белсенділігін арттыру, барлық азаматтардың билікпен қатынасын жетілдіру. Аталған мәселе мемлекеттік қызметті реформалауда өзекті болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы экономикалық өркендеу – ақпараттық қоғамның қалыптасуына, дамушы мемлекеттер қатарына қосылуына, ақпараттық технологияның дамуына өз ықпалын тигізеді. Азаматтардың толыққанды ақпарат алуына шектеу қоймау басты талап саналады. Ақпарат пен білім әр адамға қолжетімді болу керек. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың қабылдануы демократиялық құндылықтар мен теңдікке, сандық теңсіздіктерге тос­қауыл қоюға, әлемдік ұйымдармен ара­­ласуға жол ашады. Ақпараттық жүйе – телекоммуникация, ақпараттық технология, өнім мен қызмет, мобильді бай­ланыс нарықтың дамуына, мемлекеттік басқару мен банктік жүйенің қалыптасуына, ақпараттық-коммуникациялық ортаның дамуына үлес қосады. Жаһандық ақпараттық инфрақұрылыммен байланыс орнатуға негіз болады. Мемлекет саясатының ашықтығы мен өркендеуінің басты айқын құралы азаматтардың қоғам үшін маңызды ақпаратты жеңіл әрі тез алуы болып табылады. Азаматтардың еркін ақпарат алуы демократиялық мемлекеттің бірден бір көрінісі. Ақпараттық саясат қоғам үшін өзекті мәселелердің түйінін табуға қарапайым азаматтардың атсалысуына, өз пікірін еркін жеткізе алуына атсалысып, азаматтардың ақпаратқа қолжетімдігін анықтайды. Әйтсе де, зерттеуші-ғалымдар электронды үкімет енгізудегі мәселелерге назар аударады. Ақпараттық жүйенің әр түрлі мемлекеттік құрылымдармен байланысы, келісімі жоқтығы аңғарылады. Бұл мәселе дамушы мемлекеттерде көтеріліп, соңында түрлі жүйені біріктіру үшін қосымша қаражат  қажет болды. Біздің мемлекетте бұл мәселе әр түрлі деңгейдегі басшылықтың ақпараттық жүйемен жұмыс істеуге дайын емес болғандықтан әлдеқайда күрделі. Соның айқын дәлелі кейбір мемлекеттік органдарда ескі дәстүр бойынша, интернетке қосылу үшін қосымша қаражат қарастырмаған. Қоғамдық кеңістікте электронды үкі­­меттің дамуы мен қалыптасуына ке­дергі болатын жайттар бар. Технология кеңістігінде технология құрылымының, қолданып отырған тәсілдердің  департаменттер мен түрлі деңгейдегі билік арасында бірігіп қолдануда кедергілер кездеседі. Экономикалық кеңістікте реттеуші механизмдерге, қаржылық модельдерге сонымен қатар ретке келтірілмеген қаржылық төлемдер электронды үкімет жұмысына кері әсерін тигізері анық   [1, 202]. «Электронды үкімет» енгізудің саяси аспектілерін талдаған зерттеушілердің бірі Е. Алияровтың пікірінше, ақпараттық қоғамға көшу, «электронды үкіметті» енгізу саяси өмірге Интернеттің енуінен көрініс табады. Бұл процесті екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: Бірінші кезең –Интернетті саяси мақсатта қолдануды – ақпараттық деп атасақ болады. Екінші кезең – саяси процеске электронды үкіметтің енуі, қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс орнауымен байқалады. Нақ осы кері байланыс туындаған мәселені шешуге, саяси жүйеге серпін береді. Бірінші кезеңде саяси ақпарат Интернетке орналастырылады. Көбіне бұл саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің, жеке саяси лидерлердің газет сайттары мен журналдар, сонымен қатар электронды басылымдары мен сараптау және зерттеу ұйымдары  [2, 219]. Қазіргі билік үшін саяси күрес ақпа­раттық қолдаусыз мүлдем мүмкін емес. Дегенмен, шетелдегі және Қазақ­стандағы сайлау науқандарының тәжі­рибесі электронды және мерзімді басылым арқылы жүргізілген насихат  электоратқа өте ықпалды екенін танытты. Бірақ, бұл дәстүрлі әдіспен насихат жүргізу қиындықтар туғызуы мүм­кін. Қазіргі заманда әлдеқайда қо­лайлы түрі сайлаушыларға интернет арқылы ықпал ету. Интернеттің дәстүрлі бұ­қаралық ақпарат құралдарына қа­ра­ғанда бірнеше артықшылықтары бар. Кез келген ақпаратты орналастыру же­ңіл әрі оңай, тіпті, әдеттегі мерзімді басылымдарға рұқсат бермейтін материалды да жариялауға болады. Бұл процесс болашақта да жалғасын таппақ: саяси партиялар мен қозғалыстардың сайттар күннен-күнге көбейіп, Интернеттің ақпараттық ролі арта түспек. Күндердің күнінде Интернет ақпараттың негізгі көзі болып, дәстүрлі БАҚ-ты екінші кезекке ысыратыны анық. Дәстүрлі БАҚ ақпараттық монолог режимінде жұмыс істейді (біржақты коммуникация), яғни, кейбір бағыныңқылы субъектілерге әсер етіп, бақылай алады. Ал, компьютерлік технология көпқырлы коммуникацияға жол ашты. Желіге қосыла алатын әрбір тұтынушы ақпарат ала алады, сонымен қатар, ақпарат орналастыра алады. Азаматтық қоғамның институттарына: маңызды мәселелерден хабардар болып, мемлекеттік мәселелерді өңдеуге және қоғамның бірігуіне ықпал ету;  саяси шешімдер мен бастамалардың жүзеге асуына атсалысу; адамдардың кәсіби деңгейін көтеру үшін азаматтардың жауапкершілігі, басқару мен жоспарлауға арналған ақысыз оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру; мемлекет шешімдеріне ықпал етіп, тек жоғарыдан емес төменнен де басқару; мемлекет қызметін бақылау арқылы жемқорлыққа қарсы күресуге мүмкіндіктер беріледі деп санайды қазақстандық зерттеушілер.

Қорытынды тұжырымдар. Ақпа­раттық дамыған шет елдерде «электрондық үкіметті» енгізу бюрократиялық проце­дуралардың жеңілдеуіне, азамат­тардың билік институттарына сенімінің артуы, олардың саяси процестерге қатысу белсендігі артуы сияқты факторлармен айқындауға болады. Авторлық сарап­тамалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, елімізде электронды үкіметтің жүзеге асуы бюрократизм мен қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күресте оң нәтиже береді деп күтілуде. Электронды үкімет платформасында азаматтар мен үкіметтің жақындасуы мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әлеуметтік-саяси теңдікті сақтауға ықпал етеді. Автордың пікірінше, дамыған демократиялық мемлекеттерде Интернет мемлекеттік басқарудағы биліктің алға жылжуына, мемлекеттің азаматтық қоғаммен байланысын орнатуға ықпал етуде. Қазіргі кезде Қазақстандық электронды үкіметті қалыптастыру әлі де мемлекет пен оған қатысушы субъектілердің қолдауын қажет етеді. Автордың ойынша, Қазақстандағы IT-индустриясы дамуы мен космосқа шығудың алып жобаларының жүзеге асуы «э-үкіметтің» перспективалық бағыттарын болжауға мүмкіндіктер береді. Әйтсе де жаңа институционалдық құрылымның пайда болуы еліміздегі бұрынғы саяси институттардың функциясын жеңілдете қоймайды. Ақпараттық қоғамда азаматтық қоғам мен мемлекет, тура және өкілетті демократия арасындағы байланысты тасымалдау механизмінің қандай болу керектігі де әлі де шешімі табыла қоймаған проблема болып отыр. Қазақстандағы электронды демократия құру проблемаларына: халықты жаппай компьютерлік сауаттандыру және бұқара арасындағы «ақпараттық теңсіздік» мәселесін жою; ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету, яғни «сандық теңсіздікті» жою; kz доменінің іздестіру қызметі мен белсендігін дамыту; ауыл тұрғындарының ерекшеліктеріне қарай мемлекеттік ақпараттық және ағарту бағдарламаларын жүзеге асыру сияқты фак­торлар жатады. Приоритеттері: жаһан­дық ақпараттық интеграциялық процеске табысты ену; ақпараттық қоғам құрудағы негізгі алғышарттардың жүзеге аса бастауы; мемлекеттік  ақпараттық саясаттың табысты жүзеге асуы; әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ену стратегиясының жүзеге асуының кепілі ретінде айқындалады. Пайдаланылған әдебиеттер: Алияров Е.К.  Государственная информационная политика РК в условиях глобальной информатизации. – Алматы, 2006. – 400 с. Алияров Е.К.  Государственная информационная политика РК в условиях глобальной информатизации. – Алматы, 2006. – 400 с. http://www.e.gov.kz http://comport.region.kz/forum/viewtopic.php?p=18438 Информация от Центра Компетенции c Правительства РК: Индексы инфокоммуникационного развития Малайзии и Казахстана за 2005 г. http://tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazahstan-podnyalsya-v-reytinge-oon-po-razvitiyu-elektronnogo-pravitelstva-209277 Гүлмира Сұлтанбаева, саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағыҚазҰУ-нің профессоры  

Қатысты Мақалалар