ЖОЛ – ЭКОНОМИКА КҮРЕТАМЫРЫ

/uploads/thumbnail/20170708205136759_small.jpg

Ел экономикасының дамуына автомобиль жолдарының қосар үлесi мол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзiнде жайлы да сапалы жол салуға үйренбейiнше, өзiмiздiң стратегиялық мақсатымыздың бiрде-бiрiне жете алмайтынымызды атап өткен болатын. Осы орайда елiмiздегi айтулы саланы дамытып, халықаралық деңгейге көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзиттiк автокөлiк дәлiзi өте маңызды және iрi жобалардың бiрi екендiгi даусыз. Мемлекетiмiз халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық, қала бердi шалғай ауылдардың арасын жалғайтын автокөлiк жолдарына ерекше мән берiп, оларды қалпына келтiруге, жаңасын салуға қыруар қаржы бөлуде. Осының арқасында қозғалыс қауiпсiздiгi бiршама жақсарып, жолаушылар дiттеген жерлерiне алтын уақыттарын үнемдей отырып жылдам жететiн жағдайға қол жеткiздi.

Осынау игiлiктi iсте «Шардара жолдары» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң де өзiндiк қолтаңбасы бар. Жолаушыларға бар жағдайды жасап, шаршатпай, тегiс те сапалы жолмен қамтамасыз етуге бұл мекеменiң қосып келе жатқан еңбегi зор.

«Оңтүстiк жолдары» МКК-на қарайтын «Шардара жолдары» ЖШС-i 1999 жылы құрылды. Оған өз iсiнiң бiлгiр маманы, тәжiрибелi автожолшы Марат Әбдуайтұлы Сыдықов басшылық етiп келедi. Директордың айтуынша, серiктестiк биыл жол жөндеуге ерте кiрiсiп, өздерiне бекiтiлген учаскелердегi жұмысты толығымен аяқтауға жақын. Биылғы жылға облыстық бюджеттен 28 млн. теңге бөлiнiп, соның 90 пайызы игерiлген. Қазiргi уақытта Шардара ауданындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 253,5 шақырымды құрайды. «Шардара жолдары» ЖШС-i «Шардара – Абай», «Шардара – Арыс – Темiрлан», «КХ-73 Көксу – Нәлiбай», «Шардара – Жаушықұм», «Шардара – Қалғансыр», «Қызылқұм – Сүткент», «Шардара – Пiшентөбе» сияқты 7 бағыттағы автокөлiк жолдарын қайта құру, күтiп-баптау жұмыстарын толықтай жүргiздi. Ойыс жолдарды қалпына келтiрiп, қауiпсiз көлiк қозғалысымен қамтамасыз етiп отыр.

Қазiргi кезде салынып жатқан «Шардара – Асықата» жолының жұмысы қызу қарқын алуда. Бұл бағыттағы барлық жолдың жағалары мен жиектерi тегiстелiп, арнайы белгiлер де қойылып үлгердi. Қыс маусымына дайындық барысында жұмысқа 2 КамАЗ, 2 автогрейдер, сондай-ақ, тiркемелi автогрейдерлер және «МТЗ-80» тракторлары қоса жұмылдырылған. Көктайғақ кезiнде жол үстiне себiлетiн құм, тұз сияқты керектi материалдар жеткiзiлiп, маусымдық кезеңге сақадай сай тұр. Сондай-ақ, серiктестiк жанар-жағармай мәселесiне еш алаңдамайды. Өйткенi, олар жеке кәсiпкер К.Жүсiповпен келiсiмшартқа отырған.

– Серiктестiкте бүгiнгi таңда 16 адам жұмыс iстейдi. Олардың iшiнде қажырлы еңбек етiп жүрген Анатолий Ярополов, Самат Айдаров, Сергей Привалов, Бауыржан Сыдықовтың есiмдерiн ерекше атап айтуға болады, – дейдi серiктестiк басшысы Марат Әбдуайтұлы. – Мұндағы жұмысшылардың бiлiктiлiгi өте жоғары. Себебi, бiз жұмысқа қабылдар алдында әрбiр маманға үлкен талап қоямыз. Әуелi мамандығына, одан кейiн тәжiрибесiне аса мән беремiз. Оларды арнайы оқыту курстарына жiберемiз. Рас, жастар жағы көп тұрақтамайды. Кәсiптiк бағдар беретiн училищенi бiтiрiп келгендер тек жаз мезгiлiнде ғана тәжiрибеден өту үшiн еңбек етiп, күз басталысымен-ақ айлығын қалтасына салып, қалаға тайып тұрады. Жұмысшыларымыздың айлығы жақсы. Автогрейдершiлердiң орташа айлығы 92000 теңгенi құраса, тракторшыларымыз 72000 теңге, жол жұмысшылары 50000 теңгенiң үстiнде жалақы алады.

Мараттың әкесi Әбдуайт Шардара ауданында 1977 жылы ашылған «ДЭУ-266» жол бөлiмшесiнде 30 жылдан астам жұмыс iстедi. Бар саналы ғұмырын жол саласына арнады. ҚР жолдарына еңбегi сiңген қызметкер.

– Мен де әкемнiң iзiнен ерiп, жол саласын таңдадым. Жас кезiмнен әкеме ұқсағым келетiн. Өйткенi, ол өте ақылды, адал және әдiлеттi әрi әрiптестерi мен ауылдастары арасында сыйлы жан болатын. Тағы бiр жақсы қасиетi – адамға жасаған жақсылығын еш мiндетсiнбейтiн, соны балаларына да үйретiп отыратын. Мiне, сол ақылын қазiр мен де өз балаларыма, немерелерiме айтып, үйретiп отырамын. «Атадан ұл тумас па, ата жолын қумас па?» дегендей, осынау ұлағатты тәрбиенiң маңызы зор екендiгiне тағы бiр көз жеткiзгендей боламын. Неге десеңiз, Сыдықовтар әулетi осылайша елiмiздiң күре тамыры болып табылатын жол саласының дамуына өзiндiк үлес қосып келе жатыр. Аяулы анамыз Баян да колхозда жұмысшы бола жүрiп, бiздердi «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсiрдi, жеткiздi. Қазiр зейнеткер, жасы 76-да. Бүгiнде әкем Әбдуайт пен анам Баян екеуi өздерi өсiрiп, тәрбиелеген 7 баладан 28 немере, 21 шөбере сүйiп отырған бақытты ата мен әже, – дейдi Марат.

Ұзақ жылдар бойы жол саласында еңбек ететiн Марат Сыдықов елiмiздiң өркендеуiне өз мүмкiндiгiнше үлес қосып келедi. Өмiрлiк жары Айсара Мырзанова екеуi алтын асықтай бес ұл тәрбиелеп, өсiрiп отыр. Үлкен баласы Ғалымжан өз алдына жекеменшiк «ГАЗель» автокөлiгiмен жолаушы тасымалдайды. Отбасылы. Одан кейiнгi Бауыржан қарамағында автомеханик болып жұмыс iстейдi. Үшiншi ұлы Еламан әке жолын қуып, жол саласы мамандығын таңдады. Бүгiнде Алматыдағы жоғары оқу орнының студентi, болашақ автожолшы. Жасұланы – Шымкентте колледжде, ал, кенжесi Ерғали 7-сыныпта оқиды.

«Жол мен көпiр салған пейiшке барады» демекшi, бiздiң алға қойған мақсатымыз – мемлекеттiң тапсырмасын орындау аясында халықаралық, республикалық және облыс пен аудандық маңызы бар жалпыға ортақ автомобиль жолдарының құрылысын, қайта жөндеу, жөндеу және күту жұмыстарын барынша сапалы жүргiзiп, қауiпсiз көлiк қозғалысымен қамтамасыз ету, соған күш салу, – дейдi Марат Әбдуайтұлы.

Ақмарал ЖИЕНБАЙҚЫЗЫ. Шардара ауданы.

 

Қатысты Мақалалар