Дін және дәстүр мәселесі қазір өте өзекті болып отыр. Соны ескере отырып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін мен дәстүрдің сабақтасты тұжырымдамасын ҚМДБ жұмыстарының негізгі бағыт ретінде алды. Және биылғы 2014 жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялады. Осы мәселе туралы көптеген еңбектер жазылуда. Осы орайда, «Дін және дәстүр» деген кітаптың бірінші бөлімін алып келдім. Бұл кітап сериялы түрде жалғасын табатын болады. Бұл жерде дәстүр деген не, дәстүрдің біздің мәдениетіміздегі орны, оның діндегі орны, діндегі дәстүрдің терминдік мағынасы қандай деген секілді мәселелерге тоқтала кеткен. Және бұл кітаптың ұтымды бір тұсы біздің мәдениетіміздегі, салт-дәстүріміздегі, әдет-ғұрпымыздағы құндылықтар исламмен қалай сабақтасқан, неге негізделген деген секілді сұрақтарға жауап беретіндігінде. Осы мәселелер жөнінде кітаптан мысалдар табуға болады. Сонымен қатар «Қазақ мәдениеті және Ислам құндылықтары» атты монографиялық еңбегімді сиздерге алып келдім. Бұл «Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарының орны» деп аталатын докторлық диссертациямның ізіменен жазылған ғылыми еңбек.
Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз осы ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте қайнасып, сабақтасып кеткен. Мәдениетіміздегі құндылықттарды, салт-дәстүрді алып қарасақ басым көпшілігі діннен негізін табатынын байқауға болады. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахап, уәжіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізі құндылықтардың бірі. Ал, дәстүрдің анықтамасына тоқтала кетсек, «салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі тұрғызған мінез-құлықтың үлгілері, күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-құлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін термин». Бір топтың немесе халықтың екіншісінен ерекшеліктері бар ғой. Осы ерекшеліктер Құранда да айтылып кеткен. Адамзат бірнеше ұлттан тұрады, әр ұлттың өзінің мәдениеті бар. Алла тағала о баста осылай жаратқан. Бұл Алланың хикметі. Әл-Хужарат сүресінің 13-аятында: «Уа, адам баласы, шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйел адамнан (Адам мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың алдында ең ардақтыларың тақуаларың» деген. Яғни ақ пен қара нәсілдің ешқандай айырмашылығы жоқ. Артықшылығы тек имандылығында, тақуалығында деп нұсқайды. Ал, дәстүр және ғұрып деген сөздер де араб тілінен алынған. Біздің лексикологиямызға енген терминдерді алып қарасақ, 30-40% араб тілінен енген. Жалпы, білім,ғылымға арналған, адамның интеллектуалдылығын бағалайтын қазақша терминдердің барлығы араб тілінен кірген. Мысалы, ілім-білім деген сөздер араб тілінде «іълім», қалам, мектеп, дәптер, зияалы т.б.
Адамзаттың екінші атасы Нұх (ғалайхи саллам). Одан Сам, Хам, Яфис деген үш қана бала қалған. Самнан арабтар, Хамнан қара түстілер тарқаса, яфистан түріктер тарқаған. Әрине, самидтар мен яфистықтардың тілі, екі түрлі болуы заңдылық. Әдет-ғұрып сөзі де Құраннан алынған. Мысалы үшін, Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет, надандардан теріс айнал»,-дейді. Бұл жердегі «урф» сөзі адамзатты осы белгілі бір мәдениеттің, халықтың ерекшелігін, замандар бойы қалыптасқан дағдыларын айтады. Ғұрф шариғаттың үкімін шығару үшін қолданылатын негізгі категориялардың бірі. Яғни, урф «ғұрып» - фарыз, уәджіп, сүннет, мұстахаф, мубах, харам, макрух сияқты нормативтік шариғи актілерді белгілейді. Ғұрыптың өзі ақылға сүйену арқылы белгілі бір халықта қалыптасқан жазылмаған қағидаларды көрсетеді. Мысалы, Алла Тағала Құран кәрімде бірнеше нәрсені харам деп белгіледі. Олар өлексе, бауыздағанда ағатын қара қан, доңыздың еті, сүзіліп өлген, буынып, құлап өлген малдың еттері. Ал, қалған жыртқыштарды пайғамбар қосымша Алланың әмірімен қосты. Пайғамбар (с.ғ.с) жыртқыш аңдардың етін жеуді харам деп санады. Сойдақ тістері бар, тырнақтары бар, құстардан мұрны имек болып келгендерінің еті харам деді. Бірақ, піл секілді айтылмаған және жыртқышқа жатпайтын аңдар бар ғой. Піл не Құранда, не хадисте айтылмады. Сондықтан, араб елдерінде пілдің етін жеуге рұқсат берілмеді, себебі араб халқы пілдің етін жеуді жақтырмады. Сол секілді, араб халқының кейбір ғұрыптары шариғаттың да анықтағыш нормасына айналды. Ислам дінінің төрт масхабында да әдет-ғұрып шариғатты реттеуші нормасы ретінде саналады. Мысалы, қалыңмал беруде әр қоғамдық таптың өзінің белгілеген құндары бар. Мәселен, әке-шешесі жоқ, немесе үйленіп жатқан кезде қалыңмалын атап айтпаған қызға сол қоғамдағы әдет-ғұрыпқа сай беріледі. Бұл біздің дініміздегі салт-дәстүрдің орнын көрсетсе керек. Мысалы үшін, қазақтың салт-дәстүрінде, ұлттық педагогикасында жазылмаған заңдар бар. Мұның барлығы ислам дініндегі белгілі бір құндылықтарға сай болып табылады. Ауыз әдебиетінде де мысалдар жетіп артылады. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» делінсе, қазақта: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шығарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде бұрыннан бар болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез қабылдап алды. Сондықтан, менің ойымша, біз салт-дәстүрімізді жандандырсақ, онда ата дінімізді жандандырған боламыз. Сондықтан, жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсіндіре алмай жүргендерге: «Сендер қазақ халқы ұстанған ислам дінінен, салтынан өзгені ұсынбаңдар, айтпаңдар. Сендер осы қазақтың ұстанған дәстүрлі дінін жандандырсаңдар, сол кезде нағыз, шынайы исламды насихаттаған боласындар. Халықымыз жүзге, руға бөлініп келсе де, бірақ дінде бөлінбеген. Айрандай ұйып келген ынтымағымызды осы дәстүр мен діннің сабақтастығы арқылы сақтауға болады»,-деп айтамыз.
Құран және сүннетке, ижмағқа (ижмағ деген ғұламалардың бір ауыздан келіскен, нормативтік, құқықтық, азаматтық, жалпы актілердің жиынтығы. – Е.О.) қарсы келмеген әр халықтың ұлттың салт-дәстүрі, мәдениетіндегі ерекшеліктері мен әдет-ғұрпын ислам қолдайды. Мысалы үшін, өздеріңіз айтып өткендей Арабиядағы, Индия, Пәкістандағы мұсылмандардың жүріс-тұрысы, киіну мәдениеті күнделікті өмір салты, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, мұның бәрі әр елде өзгеше. Ал, ислам оларды шектеп жатқан жоқ. Біздегі қате түсінік сол елдердегі мәдениетті бізге әкеліп, жастарымызға, халқымызға таңу. Құранның түскен жері Сауд Арабиясында өздерінің салт-дәстүріне сай киінеді. Яғни, ер адамдар ұзын ақ көйлек және қызыл орамал. Ол Мұхамед пайғамбар (с.ғ.с) кезінде болған емес, ол сүннеттің өзі емес, бірақ ол киім стилі исламға қарсы болмағаннан соң қолданысқа енді. Кувейтте ақ орамал, Палестинде қара-ақ түсті орамал. Пәкістанда да соған ұқсас. Себебі ол елдерде өте ыстық. Біздің халықтың да өз киім кию дәстүрі бар. Абайдың киіміне қараңызшы. Басында тақия, тік жағалы көйлек, бешпент, шекпен, кең балақты шалбар. Осы киім исламның қай қағидасына қайшы келіп жатыр. Қазақтың өзінің ұлттық киімі емес пе? Мәселен, әйел адамдардың киінетін киіміне тоқталар болсақ, сәукеле, егде жастағы әуелдердің кимешегі, қоғамдағы статусына қарай басындағы күндігі – мұның барлығы өзіміздің мәдениетімізге тән. Бұл исламдағы қағидаларға да қайшы келмейді. Басқа елдің мәдениетін, салт-дәстүрін бізге әкеліп таңу–сауатсыздық. Және буыны қатпаған, бұғанасы бекімеген жастарымыздың сол елдерде оқып, жат елдің салт-дәстүрін исламның негізгі қағидадалары, құндылықтары деп қабылдап, соны бізге әкелулерінен шығып жатыр. Әсіресе, ондай жастардың дені орысша тәрбиеленген, қазақтың менталитеті, қазақи тәрбиені білмейтін, саналарына сіңірмеген жастар. Мысалы, балағын кесіп, сақалын қауғадай қылып жіберген салафилік, уахаби жолындағы жастардың дені орысша сөйлейді. Олар қазақи тәрбиеден мақрұм қалған, дәстүрден алшақтаған жастар. Елбасының бастамасыменен, ҚМДБ қолдануымен «Нұр-Мүбарак» университеті ашылды. Ондағы мақсатымыз санасы әлі қалыптаспаған жастарды, өзіміздің елде, әдет-ғұрыптармен, менталитетімізді білетін жолменен бакалвр деңгейін оқыту болатын. Ал, магистр деңгейін ғана шетелде оқуына мүмкіндік жасаймыз. Бұл өте дұрыс. Себебі, бакалавр бітіргенше жастардың санасы өзіміздің ұлттың менталитетті қабылдап, қалыптасып үлгереді.
Қазақта сөз бар: «Өзін өзі таныған –Құдайын таныған» дейді. Бұл сөз хадистен алынған. Пайғамбар (с.ғ.с): «Кім өзінің нәпсісін таныса, раббысын таниды»-,дейді. Тағы бір дәлел, «Көпшілікпен бірге болыңдар, шынында қасқыр да шетке шыққан қойды жейді» дейді, ал қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деп, қысқа қайыран. Бұл секілді хадистерден, Құраннан алынған қазақтың күнделікті өмірде кездесетін жүздеген сөздер бар. Қазақ –ұятқа, ар-намысқа берік халық. Демек, қазақтың исламға дейінгі бар дәстүрлері дін келгеннен кейін сабақтасты да, өркениеттің шыңына көтерілді. Біз әдет-ғұрпымызды танысақ, өзімізді өзіміз танысақ, біз құдайды да танимыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға бой ұсыныңдар, одан кейін Алланың елшісіне бой ұсыныңдар, одан кейін өздеріңнің араларыңнан сайланған басшыларыңа бой ұсыныңдар!»,- дейді. Ол - біздің қазіргі қоғамдағы Елбасы, содан соң рухани өміріміздегі муфтиіміз. Сондықтан, елбасының саясатын қолдап, діни бағытымызды ҚМДБ туының астында берік ұстансақ, Иншалла біз елдігімізді сақтаймыз. Біздің алға қойған мақсатымыз анық, болашағымыз жарқын болып, биік белестерден өтеміз. Дінімізді, ата-бабамыздың салт-дәстүрін, қағидаларын берік ұстанайық, ағайын!
Жазып алған Жания Әбдібек