Журналист Манас Бестаев Фейсбук әлеуметтік желісінде өзіне салафия ағымын ұстанушылар тарапынан шабуыл жасалып жатқанын айтып дабыл қақты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
М. Бистаевтың айтуынша, теріс ағым өкілдеріне полиция қызметкерлері де көмекке келген көрінеді.
«Бүгін сағат 14.34-те үйіме екі әйел және сақал қойған бір жігіт басып кірді. Ер адам болған оқиғаны видеоға түсіріп тұрды. Әйелдердің бірі маған жұдырық ала жүгірді. Сағат 14.47-де үйге полиция келді. Оларға маған шабуыл жасаған әйел арыз түсіріп, менің тепкенімді, содан жарақат алғанын айтыпты», - деп жазады М. Бистаев өз парақшасында.
Полицияға амалсыз есік ашқан журналисті құқыққорғау органының қызметкерлері Алматы қаласы Әуезов ауданы ІІБ-ге жеткізген. Онда журналистің кезекші прокурормен жолықтыру туралы өтінішіне полиция қызметкерлері құлақ аспаған.
«Одан әрі мені есірткі пайдаланған, пайдаланбағанымды анықтау үшін медициналық куәландыруға апарды. Жол бойы менен әйелді ұрдым деп мойындауымды талап етті», - деп жазады журналист.
М. Бистаев наркологиялық орталықтан өзі кетіп қалған. Артынан полиция қууға әрекеттенбепті.
Журналист өзіне жасалған шабуылды салафия ағымы өкілдері мен полиция бірлесіп істеп отыр деп санайды. Журналист өзінің құжаттарын үйіне келген полицей сақалды жігітке суретке түсіруге бергенін де айтып отыр.
М. Бистаев бұған дейін елдегі терактілерге қатысты журналистік зерттеулер жүргізіп, салафизм ағымы туралы өткір материалдар жазғанын айтады. Журналист полицейлердің әрекетіне наразылық білдіріп, сотқа арыз түсірмек ниетте.