Ережесіз жекпе-жектен Қытайда өткен халықаралық турнирде екі қазақтық жекпе-жегі біраз сөзболғанын білеміз. Алаңға шыққан қос қазақ Айбек Нұрсейіт пен Ғабит Тұрханбек бір-біріне қол жұмсауға батпай жүріп алды. Төреші екі спортшыны қызыл кәртішке беріп, алаңнан шығарған болатын. Сол екі спортшының бірі Айбек Нұрсейіт Азаттыққа қарсыласымен неге дұрыстап төбелеспегенін айтып берді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Азаттық: – Әлеуметтік желіде тараған видеода бейнеленген жарыс қай кезде өтіп еді?
Айбек Нұрсейіт: – Жарыс 5 наурызда Шанхай маңындағы шағын қалада өтті. Бұл жарысқа бару менің жоспарымда болмаған. Бес-алты күн қалғанда жарысқа баруы тиіс спортшылардың бірі қатыспайтынын айтып, оның орнына мен баратын болдым. 70 килограмм салмақта төрт адам шықтық. Мен франциялық Майкл Дубойсты, қытайлық қазақ Ғабит Тұрғанбек украиналық спортшыны жеңді. Осылайша екеуміз финалға шықтық. Ғабит екеуміз бір-бірімізді танимыз. Ол Алматыға келіп, бір айдай бізбен бірге жаттығу жасап кеткен.
Азаттық: – Ғабит екеулеріңізді «финалда спорттық ережеге сай жекпе-жек өткізбей, жұдырықтаспай жүріп алды» деп сынаған оқырмандар да бар? Оған қандай жауап айтар едіңіз?
Айбек Нұрсейіт: – Негізі мен финалға шығамын деп ойлаған жоқпын. Басты мақсатым франциялық қарсыласымды жеңу болды. Ғабит екеуміз бір-бірімізді жарыс алдында салмақ өлшеу сәтінде көрдік. Бірақ жекпе-жек алдында «бір-бірімізге жұдырық жұмсамаймыз» деген сияқты келісім болған жоқ. Келісім болса, жекпе-жекке шықпас едік. Финалдық жекпе-жекке мен де, Ғабит те қазақ әнімен шықтық.
Алаңға шыққан соң Ғабит соққы жасамай жүрді. Ғабиттің маған қолы батпай тұрғанын бірден байқадым да, мен де шабуылға шықпадым. Қытай көрерменнің алдында қос қазақ бір-бірінің мұрнын қанатып, көзін шығарып жату жараспайды деген намыс болды. Қанша ақша беріп жатса да, қазақ екенімізді дәлелдегіміз келді. Жекпе-жектен кейін Ғабит екеуміз арнайы банкетте жолығып, қол алыстық.
Азаттық: – Екеуіңіз қызыл қағаз алып, жарыстан шеттетілген соң жүлде кімге берілді?
Айбек Нұрсейіт: – Жарыста арнайы чемпиондық белбеу мен қомақты қаржы сарапқа салынған. Бірақ ол ешкімге берілмеді. Ұйымдастырушылар менің французбен өткізген жекпе-жегімді көріп, алдағы жарыстарға шығуыма мүмкіндік берді. Ғабитке қатысты қандай шешім шығарғанын алдағы күндері білеміз. Келесі жарыс мамырда Талдықорғанда өтеді. Бірақ WBK тұжырымының президенті ол жарыста мені қазаққа қарсы шығармайтынын айтты.
Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.
Пікір қалдыру