Жылдағыдай биылғы көктем де халыққа оңай соқпайтын секілді. Былтырғыдай биыл да біршама елді мекен қар суының зардабын тартуы мүмкін. Мұны ресми билік те мойындап отыр.
Ескерту мақсатында айтты ма, жоқ жағдай ушығып кетіп жатса, осы бастан басымызды арашалап алайық деді ме төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер көктемгі су тасқынына болжам жасапты.
«Су алуы мүмкін аймақтарды анықтадық. Көктемгі су тасқыны кезінде 807 елді мекенді су басу қаупі барын хабарлаймыз. Бұл бүкіл республика бойынша. Ол елді мекендерде барлығы 1 миллион 250 мың адам тұрады. Осыған байланысты біз әрбір елді мекенге, халықтың нақты санына қарай көшіру пунктерін белгілеп отырмыз. Барлығы сызылып, жазылып қойды. Барлығы дайын. Әкімдіктер де мұның барлығын пысықтады. Бірнеше рет командалық-штабтық жаттығулар өткізілді», - дейді В. Беккер мырза.
Бұған дейін де Беккер мырза су алу қаупі туралы мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, ол су қоймаларынан келетін қауіптің жоғарылығын ескерткен. Қазір ТЖК-ның есептеуінше 48 гидротехникалық нысан иесіз жатқан көрінеді. Қараусыз жатқан су қоймаларынан басқа дамбалардың да жартысына жуығы жөндеуді қажет ететін көрінеді. Бір қорқыныштысы, ол қауіпті дамбалар әлгі су астында қалуы мүмкін делінген қар қалың түскен аймақтарда орналасқан.
Төтенше жағдайлықтардың болжамын өзен, суларға жауапты ауылшаруашылығы министрлігінің тиісті комитеті де растап отыр.
Естеріңізге салсақ, былтырғы көктемде де Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында қар суының ерекше мол жиналуынан, бірнеше елді мекен мен жолдар су астында қалған болатын. Төтенше жағдайлар жөніндегң ведомство сол кезде су алған аймақтарда 2417 үйдің су астында қалғанын хабарлаған болатын. Солтүстіктегі облыстардың басшылары биылғы жылы жағдайдың былтырғыдан да күрделі болатынын айтып, дайындық жұмыстарындағы кемшіліктерді де мойындаған болатын.
Осы мақсатта бұгінде ІІМ құрамындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комитет жанынан жедел топ құрылғаны айтылуда. Комитет құтқару жұмыстарына қатысатын 200 мың қызметші мен, 1000-нан астам арнайы техникасын әзірлеп қойыпты. Ондағылар тіпті құтқару жұмыстарына 20 шақты тікұшақ, 200-ден астам моторлы қайықтар да жұмылдырылатынын айтуда. Мамандар биыл қардың еруі мен судың тасуы сәуір айында басталады деп отыр...
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру