Талайды шулатқан Тәуекелдің «тойы»

/uploads/thumbnail/20170708224600137_small.jpg

Актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілімнің шаңырақ көтерген «тойының» қадірменді қонағы болып қайттық. Нақтырақ айтсақ...

31-арнаның ұйымдастыруымен «Келіндер бәйгесі» атты реалити шоудың баспасөз конференциясы болып өтті. Конференция Әл-Фараби даңғылын бойлай жатқан «Мирас» салтанат сарайында той үлгісінде болды. Конференция жоба ерекшелігіне байланысты той салтанатымен басталды. Дәстүрге сай «Жар-жар» айтылып, «тойды» басқарып жүрген асаба жас жұбайларды ортаға шақырды. Жаңа түскен келіннің беті ашылып, қайын жұртымен танысып алған соң жас жұбайлар той төріне жайғасты. Кештің негізгі кейіпкерлері: Күйеу жігіт – актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім, қалыңдық – модель Асылова  Камила атты бойжеткен болатын. Талай аруымыздың жүрегін жаулай білген Тәуекел бұл жай ғана қойылым, әлі күнге дейін басының бос екекін айтып өтті.

Жиын барысында «Келіндер бәйгесі» жобасына байланысты көптеген сұрақтар қойылып, тейісінше жауаптарын алып жатты.

Жоба 31-арнаның ұстанған мақсатына сәйкес (көрсетілетін бағдарламалардың барлығы отбасымен бірге көруге ұсынылады) көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлау, қазақтың салт-дәстүрін жете түсіндіру, «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші тойда болатын түрлі қызықты оқиғаларды халыққа боямасыз ұсыну мақсатында жасалып отыр.

Бағдат Қожахметов, 31-арна директоры:

Қазақ халқы тойшыл екенін білеміз. Қандай дағдарыс болмасын, түрлі кедергілерге қарамастан той жасаудан бас тартпайды. Сондықтан, бұл жоба халық арасында жақсы қабылданады деп ойлаймын.

Әсел Тоянова, жоба ұйымдастырушысы:

Бұл реалити шоу қазақтың өмірінде болып жатқан күнделікті жағдайды жайып салады. Қатысушы келіндер бір-бірлерінің тойларының қадірменді қонағы болады. Жоба ас мәзірі, залдың безендірілуі, қызықты ойындар, қалыңдық бейнесі деген 4 кезеңнен тұрады.

Аталған кезеңдер бойынша келіндер бір-біріне баға береді, сол арқылы жеңімпаз анықталады. Жеңген жұп бал айы саяхатына жолдама алады. Бір қызығы жоба басталмас бұрын анкета жүргізілген, ең көп үміткерлер Шымкент, Тараз, Алматы қалаларынан бақ сынаған.

Осы орайда «күйеу жігіт» Тәуекел Мүсілім де бағдарламаға қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, болашақ қалыңдығы туралы да ойларымен бөлісті.

«Болашақ жарымның қазақ қызы болатынын нақты айта аламын.Қарапайым, ақжарқын, тәрбиелі, бойында ізгі қасиеттері мол инабатты қыз болса деймін», - дейді Тәуекел Мүсілім.

Дайындаған: Айжан Жұмабекова

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар