Жаңа сайланған мәжіліс депутаттары Астанадағы бес жұлдызды қытай қонақ үйіне жайғасады (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708225618583_small.jpg

Сайлау өткен соң, Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар Астанадағы бес жұлдызды қонақ үйлерге жайғасатын көрінеді. ҚР Парламентінің шаруашылық басқармасы депутаттарға арналған мемлекеттік тұрғын үй қорын «жаңа тұрғындарға» үлестіргенге дейін осындай уақытша қадамға бармақ. Аталған басқарманың қонақ үй қызметіне ашық мемлекеттік сатып алу байқауын жариялағанын ratel.kz сайты жазып отыр.

Жалпы құны 169 713 392,86 теңге болатын конкурстың жеңімпазы да белгілі болыпты.

«Хаттамада жазылғандай «Солакс» компаниясы конкурс жеңімпаз аталып отыр», - деген Парламентінің ШарБас (Шаруашылық басқармасы) заң қызметі  және мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы  Бақәділ Қонқашов.

Жеңімпаз компания «халық қалаулыларына» 3,5 пайыз жеңілдік ұсынып, сол арқылы конкурсты ұтып алған көрінеді.

«Су жаңа депутаттар» сайлаудан соң «Солакс» компаниясының қарамағындағы Soluxe Astana (Beijing Palace) қонақ үйіне жайғаспақ.

Қонақ үй басшылығы мейманханаларының жоғары талаптарға сай екенін айтқан.

«Біз демалушылардың жаны да, тәні де рахат табатын жағдайлар жасаймыз. СПА орталықта демалып, қытай асханасынан дәм тату мүмкіндігін ұсынамыз. Біздің қонақ үйдің 23-қабатында орналасқан, айналып тұратын мейрамханамыздан депутаттар бүкіл Астананы бақылап отырып, ас ішу мүмкіндігіне ие болады. Қытайлық аспаздар қонақ түй клиенттеріне қытай асханасының барлық тәтті-дәмдісін ұсынады», - депті ондағылар.

Ел арасында «Пекин Палас» аталып кеткен қонақ үй нөмірлері дыбыс өткізбейтін қасиеттерімен де танымал екендігі айтылуда.

Сонымен, депутат болу бақыты бұйырған қалаулылар аталған қонақ үйдің әрқайсысының ауданы 35 шаршы метрден басталатын 107 нөміріне жайғасады. ratel.kz осылайша қонақ үйді толықтай депутаттар жайлайтынын жазуда. Басылымның хабарлауынша мұндағы нөмірлердің бағасы тәулігіне 118 800 теңгеден басталатын көрінеді.

Аталған қонақ үйдің Қытай ұлттық мұнай компаниясының (CNPC) «Хуа Йоу» еншілес компаниясына тиесілі екенін айта кету керек.

Әзірлеген: Дархан Мұқантегі

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар