Сағыныш-ақын атындағы сағыныш кеші

/uploads/thumbnail/20170708225837382_small.jpg

Қазақтың поэзия әлемінде «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында» өмір сүріп, ұлы «Бір тойында» айтылатын сағыныш өлеңін ұрпағына аманаттап кеткен қазақтың ақыны - Төлеген Айбергенов  биыл – 79 жаста! Ару көктем Алматыға қанат қағып, құс қанатына мініп келген сайын әр наурыздың 8 жұлдызы, Төлеген Айбергенов ақынның туған күні поэзия күнтізбесінде қызыл түспен белгіленіп, жүректерді жырға толтырып отырады.

Әр көктем сайын ақын тойы, поэзия мерекесі Алматы Полиграфиялық колледжіне қонақтап, колледждің үлкен залын абыр-сабыр қып, жыр қазанында бұрқ-сарқ қайнатып жатуы дәстүрге айналған шара. Өткен аптада жылдағы дәстүр бойынша ару қаламыздың жастары жиналып «Айбергенов әлемі» атты әдеби-өнер бәйгесін өткізді. Жыр додасын Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасының ұжымы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенті Нұрбек Жаңғабаев бірлесе отырып ұйымдастырды.

  Байқауға еліміздің 14-20 жас аралығындағы ЖОО, кәсіптік білім беру, орта білім беру мекемелерің студенттері мен оқушылары қатысып, «Менің анкетам» - үміткердің өзін-өзі таныстыруы, «Мен енді қара өлеңнен қар боратам...» - ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, «Барады кең дүние әнге айналып» - ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындау, «Төлеген мұрасы – жастар назарында» - ақын рухына ескерткіш ретінде картина, кесте, портрет, сахналық қойылым, қолөнер заттары т.б. жанр түрлерінде жасалған авторлық шығармаларын қорғау немесе естеліктер айту, «Айбергеновтың әдеби-ақындық әлемі» - ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беру бөлімдері бойынша бақ сынауға мүмкіндік алды.

Сайысқа қатысушылардың өнерін бағалау үшін тағайындалған қазылар алқасының құрамында белгілі өнер қайраткерлері: Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педогогикалық Университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қаламы қарымды журналист, ақын атындағы Республикалық «Айбергенов әлемі» журналының бас редакторы, ақынның қызы – Салтанат Төлегенқызы Айбергенова, актриса, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Балалар мен Жасөспірімдер театрының аса көрнекті артисі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының оқытушысы, профессор - Әсел Мәмбетова, ақын, сазгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Республикалық «Заң» газетінің бас редакторы – Бекжан Әшірбаев, білікті корректор, «Кітап өндіру мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» орденінің иегері – Ботагөз Файзуллақызы Файзуллина, жас әнші, Әміре Қашаубаев атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің ұстазы – Балхия Мырзабайқызы мен осы бәйгенің былтырғы жылғы Бас жүлдегері, Алматы Полиграфия Колледжінің студенті – Матай Серікбол болды.

Сайыстың шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Салтанат Айбергенова «... Осы оқу орнының қабырғасында өткен жылы да тамаша бір поэзия кешіне куә болған едік, міне, бүгінгі күні де осындай бір шараның алдында тұрмыз. Жыл сайын осындай жыр кешін өткізіп келе жатқан ұйымдастырушыларымызға алғыс білдіріп, барша қатысушыларға сәттілік тілегім келеді» десе, ақын Бекжан Әшірбаев өзінің «Айбергенов атындағы сағыныш» өлеңін оқып, жырдан шашу шашты. Балхия Мырзабайқызы мен Нұрбек Жаңғабаев ақынның сөзіне жазылған «Ақ Ерке – Ақ Жайық» атты әсем әнді орындап, тыңдаушыларының ықыласына бөленді.

 Ал, қатысушылар сайыстың алғашқы бөлімінің өзінде-ақ, бәйгеге үлкен дайындықпен келгендігін, қара өлеңнің кетігіне кірпіш боп қалана қоймаса да, қара жаяу еместігін көрсетті. Атап айтсақ, Әуенай Бақытгүл атты ұстазымыз дайындап әкелген үміткеріміз – Жолдасбаева Жансұлу өзін-өзі таныстырған өлеңінде қара өлеңнен өрнек өріп, кестелеп келе жатқанын көрсетіп, қазақтың Фариза мен Марфуға, Ақұштап пен Баяндай ақын қыздарының жыр көшінің жалғасындай көрінді. Тағы да бір кестелі өлеңнің үлгісін көрсете білген үміткеріміз – Нұрғалиев Аманғали №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жалғасова Халима апайымыздан сабақ алған.

Ақынның өлеңдерін орындау сынында №175 «Жаңа ғасыр» гимназиясының оқушылары Рымғалиева Жансая мен Болатова Мадина ақынның 30-ға тарта өлең-жырларын жатқа білетінін айтқанда, көрермендер қошеметінде шек болмады, ал Рахимов Ескендір атты қатысушы ақынның «Біздің жігіттер» өлеңін өр сезіммен, асқақ рухпен тебірене оқып, қалың көпшілікке еріксіз қол соқтырды.

Ақынның жырларын әнге қосқан сынымызда Төлеген жырларының бесаспаптығына және кез-келген адам бұл жырларға саз жаза алмайтынын, нағыз таланттар ғана қалам тербей алатын күрделі өнер туындылары екеніне куә болдық. Бұл бөлімде бірден көзге түскен қатысушы №29 орта мектептің оқушысы Әлімхан Әбдібеков атты жас талант болды. Әлімхан шырқаған Шәмші Қалдаяқов жазған ақынның «Жаңғырған Маңғыстау» әні «құлақтан кіріп, бойды алып», өзінің әдемі тембрымен, кең тынысты диопазонымен қазылар алқасын бірден бестік баға қоюға мәжбүр етті. Осынау Айжамал Асырауқызы басқарып отырған, талай талант иесін тудырған білім ошағы қандай байқау, қандай іс-шара болмасын белсенділік танытып отыратын киелі шаңырақ екені, осындай шәкірттерді тәрбиелеп отырған Амангүл Иманғалиева секілді ұстаздарымыздың еңбегі қашан да ерен екені мәлім. Әдемі ән сала білген қатысушылардың арасында Кәкен Әлихан (жетекшісі – Ермаханова Жарқынай), Абибуллаев Яхия (жетекшісі – Палуанова Сауле), Рахимов Ескендірлер де болды. Тағы да ерекше көзге түскен қатысушы Алматы Сән және дизайн колледжінің студенті Айнара Абиырқызы Төлеген ақынның «Семей» өлеңіне өзі ән жазып, қалың көпшіліктің назарына ұсынды.

Жыл сайын жыр сүйер көрермен асыға күтетін «Төлеген мұрасы – жастар назарында» бөлімінде алуан түрлі әр жүйрік әлі келгенше шауып жататын, осы жолы ә дегеннен көзге түскен туындылар көшін Яхия Абибуллаевтың орындаған ақын өлеңдерінен құралған «Бала махаббат» атты инсценировкаланған лирикалық комедиясы бастаған еді. Сөзсіз сәтті драматургияға қойылған, ақын жыры мен әдемі пластика үйлесім тапқан 3 минуттық үзіндінің басы мен аяғы бар, заманауи туынды екендігіне, қатысушы сомдаған рөлдің жан-жақты ашыла түсуі жөнінде актриса Әсел Мәмбетова сайыс соңында ерекше тоқталып айтып кетті. Осындай атмосферада жалғасын тапқан Әлімхан Әбдібековтың «Сағыныш-ақын» атты туындысы, Алматы қаржы-құқықтық технологиялық колледжі студенті Қарабеков Асыланбектің қойылымы, Нұрғалиев Аманғалидың иллюстрациялық картинасы, Рахимов Ескендір салған ақын портреті баршамызды таңдай қақтырды. Ақын рухына ескерткіш ретінде жасалған қолөнер бұйымдары Салтанат апайымыз іргесін қалап, басқарып отырған ақын атындағы мұражайға табыс етілді.

Соңғы бөлім ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру барысында жүйріктердің оза шапқандары алда келіп, енді бірі тағы да дайындықтың үдетілуін қажетсініп жатты.

          Ал, қорытындыға тоқталар тұста білім беру ісінің құрметті қызметкері Ботагөз Файзуллина сайысқа дарынды шәкірттерін дайындап әкелген ұлағатты ұстаздарды жеке-жеке ортаға шығарып, арнайы алғыс хаттар ұсынса, Матай Серікбол ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Әдеби-өнер бәйгесінің мәртебелі үшінші тұғырын Балхия Мырзабайқызы өз оқу орындарының үмітін арқалап келген өнерпаздар: Жолдасбаева Жансұлу, Шаханов Сатыбалды мен Болатова Мадиналарға ұсынды. Құрметті екінші орынға ие болған Нұрғалиев Аманғалиды, Ырымғалиева Жансаяларды және осы оқу орнының білімгері Аргимбеков Бахтиярды актриса Әсел Мәмбетова марапаттады. Үзеңгі қағыстырып тең келген үш үміткер Абибуллаев Яхия, Әбдібеков Әлімхан, Мәжитова Ақеркелер бірінші орынға лайық деп танылып, ақын Бекжан Әшірбаевтың қолынан өз сыйлықтарын алып жатты. Бас қазы – Салтанат Төлегенқызы Айбергенова Ұлы дүбір сайыс қорытындысы бойынша Бас Жүлдені Алматы Сервис колледжінің студенті Кәкен Әлиханға тапсырды.

          Бұл жерде сайысты ұйымдастырушылар мен қатысушылар сүйісе келіп табысқан, асыға келіп махаббатқа тұншыққан, құс қанатына мініп қалықтаған сезімдердің құшағында болып, поэзия құдіретімен тебіреніп, тербеліп, ырғалып жатты.

Біз, баршамыз, осынау тамаша бастаманың көші алға жүруін, Айбергенов шығармалары жастар арасында кеңінен таралуын қалап, келесі жылғы байқауды асыға күтетін боламыз... Ал, сіз не дейсіз, патша көңілді оқырман қауым?!

Шарапат Жылқыбаева

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар