«28 панфиловшылар» туралы аңызды жоққа шығарған Ресей Мемлекеттік мұрағатының басшысы Сергей Мироненко лауазымынан босағанын ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Мұрағат басшылығынан босаған С. Мироненко бұдан былай сол мекемеде ғылыми қызметші ретінде жұмысын жалғастыратын болады.
Азаттықтың орыс редакциясына берген сұхбатында ол лауазымды қызметтен кеткенмен, былтырғы айтқандарынан айнымайтынын, әлі де өтірік тарих жасағысы келмейтінін мәлімдеген. Яғни, қанша қызметтен қу, қанша жерден терістесе де, тарихта болмаған, ойдан құрастырылған «28 панфиловшылар» ерлігі деген аңызды мойындамайтынын, халықты бұдан әрі алдауға ары шыдамайтынын айтқан.
Бәрі дұрыс. Мұрағат басшысы өз ойын айтты және ол ойы жалаң пікір не ұран емес, КСРО Бас прокуратурасы бастаған ресми мекемелердің мұрағат деректерімен қуатталады.
Олай болса, осы оқиға туралы ақпараттарға имандай сеніп жүрген бізге не жоқ?! КСРО халқы Ұлы Отан соғысы атаған Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 196 164 адам аттандырған (бұл сол кездегі ҚазақКСР халқының (6,5 млн) 20 пайызына тең), олардың 601 939-ы майдан даласында көз жұмды) Қазақстанда ұлықтайтын басқа батыр жоқ па? Үлгі етер тұлға таппадық па? Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова бастаған қазақ батырларының есімдері одақтас елдердің барлығына аян емес пе? Майданнан тыс тылдағы төгілген тер мен бесіктен белі шықпай жатып ауыр еңбекке араласқан жас тағдырлар ше?
Олай болса, Алматы орталығындағы 28 панфиловшылар атын иеленген саябақты басқаша атайтын уақыт келді емес пе? Тек Алматыдағы ғана емес, тұтастай республика аумағындағы әсем де үлкен саябақтың бірін тарихы күмәнді оқиғаға телуіміз тек тарихқа ғана емес, ұлттық сана мен жаңа замандағы төл идеологиямызға қиянат емес пе?
Биылғы жылы ел аумағында атаулы даталар бірінен соң бірі келіп отыр. Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығы мемлекеттік, алды халықаралық деңгейде аталып өтуде. Ару қаламыз Алматы 1000 жылдық тарихын ресми мерекелеу үстінде. Келер жылы Алаш автономиясының 100 жылдығы келе жатыр дегендей.
Осы айтулы оқиғалардың мән-маңызын қоғам санасына сіңіру, ұлттық құндылықтар мен тарихи тұлғаларымыздың есімдерін ұлықтау мақсатында қала басшылығы кеңестік идеология сырқатынан ада, егемен елдің тәуелсіз құндылықтарына қызмет ететін нақты шешім шығарады деп сенеміз. Отарлаушы елді қорғауға шақыратын (Велика Россия, а отступать некуда - позади Москва!) жалған ұранның ендігі жерде бас қаламыздың төрінде тұратын реті жоқ.
Жомарт Абдоллаұлы
Пікір қалдыру