Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев пен бір топ лауазымды тұлғаның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Бүгін аталған іс бойынша алдын ала сот тыңдауына күдікті Талғат Ермегияев келді. Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта процеске қатысушылар таныстырылып, алғашқы сот талқылауының мерзімі белгілі болады. Істі қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Әділхан Шайхисламов қарайды.
Сот залына қарауылмен әкелінген Талғат Ермегияев үй қамаққа алынған тағы басқа күдіктілерге белгіленген столға жайғасты. Олардың ішінде ұлттық компанияның департамент басшысы Қажымұрат Үсенов те бар.
Ал, қамауға алынған күдіктілер арнайы кабина ішіне кіргізілді. Олардың саны – жетеу. Бұлардан басқа сот процесіне кепілдік түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған өзге де күдіктілер сотқа әкелінді.
Соттың қарауына 9 наурызда түскен қылмыстық іс 500 томнан тұрады.
Талғат Ермегияевтің үстінен өткен жылы маусым айында қылмыстық іс қозғалып, үй қамаққа алынған болатын. Онымен бірге аталған іс бойынша 20-дан астам күдікті тергелуде. Оларға 10 миллиард теңгеден астам компанимя қаржысын жымқырды деген айып тағылды.
Пікір қалдыру