АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшысы Джон Керри Қазақстан Наурыз мейрамымен құттықтады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясына сілтеме жасап.
«Мен президент обаманың тілектеріне қуана қосыламын. Әлемдегі осы мерекені атап өтетін барлық достарымызға бақыт, денсаулық пен молшылыққа толы Наурыз тілеймін. Біз, барлық американдықтармен бірге Иран Ислам Республикасындағы, Орталық Азия мен Кавказдағы және осы АҚШ-тағы жаңа жыл мен көктем мерекесін қарсы алушылармен бірге қуанамыз», - делінген АҚШ мемлекеттік хатшысы таратқан хабарламада.
Бұдан басқа, Дж. Керри «Наурыз жаңару мен ымыраласу уақыты, барлық отбасылардың көктемнің келуін мерекелеу мүмкіндігі, өткен он екі айды саралап, алдағы жылға үмітпен қарайтын мезгіл екенін» атап өтті.
Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол да қазақ халқын Наурыз мейрамымен құттықтаған болатын.
«Құрметті қазақстандықтар! Қазақстандағы АҚШ елшілігі атынан Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Мыңдаған жылдар бойы Наурызда туыстар мен достар жаңа көктемді қарсы алу үшін бас қосады. Осы көктем мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бақыт пен ырыс, береке тілеймін», - деді өз құттықтауында Дж. Крол мырза.
Пікір қалдыру