Әлеуметтік желілерде тараған Қырғызстан оппозиция серкелерінің телефонмен әңгімелесулері Қырғызстанның Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің назарына ілінген, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz – ке сілтеме жасап.
Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері сот санкциясымен елдегі бірқатар оппозициялық саясаткерлердің телефонмен әңгімелесулері тыңдалғанын, олар қазіргі таңда қозғалған №082-16-0054 қылмыстық істің бір бөлігі екенін хабарлаған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қырғызстан оппозициялық қозғалысы жетекшілерінің бірі Құбанышбек Қадыровтың, Жалал-Абад облысының бұрынғы басшысы Бектұр Асановтың және оппозициялық белсенді Дулатбек Тұрдынәлиевтің әңгімелері жазылған аудиофайлдар таралған болатын.
Ондағы әңгімеден аталған тұлғалардың Талас өңірінде басталып, кейін бүкіл Қырғызстан аумағына тарауы тиіс жаппай толқулар әзірлемек болғанын ұғуға болады. Осы толқулар нәтижесінде оппозиция серкелері билікті басып алып, үкімет пен президентті елден қумаққа әрекеттенген. Қырғыз арнайы қызметінің өкілдері оппозиционерлер осы мақсатта жақтастары мен қажетті көліктер әзірлеп, елге ақша таратқан көрінеді.
Бұған дейін Қырғыз Республикасында 2005 жылдың 11 наурызында және 2010 жылдың 7 сәуірінде мемлекеттік төңкеріс болып, сол кездегі мемлекет басшылары Асқар Ақаев пен Құрманбек Бәкиев елді тастап шыққан болатын.
Пікір қалдыру