Қазақ қол өнерін заман талабына сай дамытуға атсалысып жүрген бауырларымыздың бірі – Нұрдын Тұрғын. Ол Қытайдағы Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында «Мұрағат» атты қолөнер бұйымдарын шығаратын серіктестік құрып, қазақтың материалдық мәдениетін насихаттауға, заманға сай қолданыс аясын кеңейтуге үлесін қосып келеді.
«Бала кезімізде анамыз ылғи да бізге қазақы ою-өрнекпен безендірілген киім кешек кигізетін. 2008 жылы мектепті бітіргенімде жоғары оқу орнына түсіп кете алмадым. Оқусыз жүрген жылымда өзімнің қызығушылығым бойынша, Құлжа қаласында электрик болып жұмыс істеп көрдім. Жүре келе жоғары білімсіз, көш соңында қалуға болмайтынын түсіндім. Сөйтіп, бір жылдан кейін қайта тапсыру арқылы ішкі Қытайдағы Ши Ан Жаратылыстану ғылымдары университетіне «Электр-инженерия және автоматтандыру» мамандығы бойынша оқуға түстім. Қалың қытай халқының арасында жүргенде сонау бала кездегі үстімізден тастамайтын қазақша киімдеріміз туралы ойланып, осы саланы қолға алса, заманауи үлгімен ұштастырып өндіріске салса, көпке танытса деп ой түйдім», - дейді Нұрдын бауырымыз.
Оқуда жүрген уақытында Қытайдың ірі қалаларын түгелдей аралап, орасан ағымдағы өнеркәсіп иелерінің еңбектерімен танысқан. Өзі де солардың қатарында болуға бел буған. Оқуды бітірер жылы қысқы демалысында Шыңжаңға келіп, әпкесінің ажарландыру салонын ашып, анасы екеуі қазақы өрнектермен көмкерілген киім тігетін, оны пацдалануға беретін дүкен жұмысын жүргізіп отырғанын көреді.
«Осы мүмкіндік пен менің идеям қабысып, 2012 жылдың соңында «Нұрдын» деген сауда белгісін тіркеттік. Оқуымды бітіріп келіп, жақсы қызмет табылып тұрса да осы салаға бір жола бет түзедім. Бір жыл бойғы шығарған өнімдеріміз нарықтан өзіндік орнын алып, жергілікті билік бізге қолдау көрсетті. Олардың кәсіптік оқытуы бойынша 60 әйел бізге жұмысқа тұрды. 2014 жылы кәсіпкерлігіміз «Мұрағат» ЖШС болып құрылды. Анамыздың «мұрасы» ғой деп осылай атадық. Құрылғалы бері біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Көптеген халықаралық көрмелерге қатыстық. Біз ұлттық киім-кешек, жасау-жабдықтар мен қоса «3D» принтерді де 2013 жылдан бастап қолға алып, адамдардың ой қиялындағы заттардың мүсінін компьютерлік бағдарламалар арқылы басып шығаруды жүзеге асырып келеміз», - дейді Нұрдын Тұрғын.
Соңғы үлгідегі құралдар мен технологияны пайдаланып атқарылған жұмыстар ретінде маржаннан тізіп көрініс жасауды атап айтуға болады. «Мұрағат» серіктестігі әзірлеген 1,80×1,70 көлеміндегі Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың портреттері тұтынушылардың көп қызығушылығын тудырған. Ақын Мұхтар Шахановқа серіктестікте әзірленген портрет тарту етіліпті де.
«Ол кісі разы болып, жақсы бағасын берді. Сондай-ақ, 3,20×1,70 өлшемінде Қазақстанның көрнекті тұлғаларын да, сонау хандарымыздан бастап, қазіргі президентімізге дейін осылай бейнеледік. Бұл жұмыстарымыз Наурыз мерекесінде Астанада халыққа көрсетілуі керек еді. Бұл жаққа жұмыстарымызды көрсетуге «Нар жол» компаниясы демеуші болып жатыр. Сайлауға байланысты бізбен байланысқан кісілер мамыр айына қалдырды. Президентімізге арнаған маржан мүсінді жұмысымыз қазір монтаж үстінде, мүмкіндік болса өзіне сауға ретінде сыйлауды ойластырып жатырмыз», - деген Нұрдын Тұрғын өздері әзірлеген портретті Елбасыға тарту ету жоспарлары бар екенін айтады.
Қазір 185 кісіні тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын Шыңжаңдағы той киімін, қыз жасауының жабдықтарын, қол өнер бұйымдарын, мереклеік шараларды безендіру жабдықтарын шығаратын ірі серіктестікке айналған. Серіктестік басшысы кәсіпорынның ай сайын 20 мың АҚШ доллары шамасында таза кіріс кіргізетінін айтып отыр.
Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру