Қазақстаннан Ресейге 17 тонна контрабандалық темекі өнімін алып өтпек болғандар Астрахань облысында ұсталған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы өңірдегі "Волга" газетіне сілтеме жасап.
Ресей ФҚҚ Қалмақия және Астрахань облысы бойынша шекара басқармасының қызметкерлері «Қараөзек »шекара бекетінен өтпек болған қазақстандық Вольво көлігін тексергенде одан жасыл түсті ұнтақ салынған 318 қапшық тауып алған. Одан бөлек, көліктен 47 қапқа салынған әк ұнтағы мен төрт қапқа нығалған насыбай орайтын полиэтилен қалташалар табылған.
Насыбайшылар тауарды темекі қалдығы деп алып өтпекке әрекеттенген.
«Жүкті темекі қалдықтары деп тасымалдамақ болған, алайда оның фитосанитариялық құжаттары болмады. Темекі қоспасы тиелген көлік шекарадан өткізілмеді. Ресей заңнамаларын бұзу дерегі бойынша шекарашылар тексеру жүргізуде», - дейді Ресей ФҚҚ Қалмақия және Астрахань облысы бойынша шекара басқармасының қызметкері Ирина Гафурова.
Сондай-ақ, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, акциздік маркасы жоқ темекі өнімдерін шекарадан алып өтуге тыйым салынғанын, жеке тұтыну үшін алып өтілетін темекі өнімдерінің салмағы 250 грамнан аспауы тиістігін айтқан.
Пікір қалдыру