Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) мен Қазақстанның Ұлттық банкі Қазақстанда «АвтоВАЗдың» құрастыру өндірісін құруға 500 миллион АҚШ долларын бөлуі мүмкін, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Бұл туралы ЕДБ басшысы Дмитрий Панкин РИА Новости – ге берген сұхбатында айтқан.
Оның айтуынша, «АвтоВАЗ» концерні өткен жылы елімізде ашылмақ құрастыру өндірісі үшін қаржы ұйымынан несие сұраған. Банк бүгінде компанияның өтінішін қарастыру үстінде көрінеді.
«Қарызға берілетін сома көлемі – 500 миллион доллар шамасында. Ол соманың жартысы Қазақстанның Ұлттық банкі берсе, қалған жартысын ЕДБ жабады. Бұл өтінішті терең талдап, банк кеңесіне шығарамыз», - деген Д. Панкин.
Сондай-ақ, ол жобаның күрделілігін. Әзірге, сақтықпен қарап отырғандықтарын да айтқан.
Естеріңізге салсақ, ЕДБ 2006 жылы еуразиялық кеңістікте экономиканың өсуі мен интеграциялық процестерді қолдау мақсатында құрылған. Жарғылық қоры 7 миллиард долларды құрайтын банк капиталының 66 пайызы РФ-ға, 33 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан мен РФ-дан басқа Армения, Белорусия, Қырғызстан мен Тәжікстан да банк құрылтайшылары болып табылады.
Осылайша, Қазақстан қаржылық дағдарыс қиындықтарына қарамастан, ашық бәсекеге төтеп беруге қабылетсіз, сапасы сын көтермейтін ресейлік көшірме көліктерді құрастыруға қыруар қаржы бөлмек.
Пікір қалдыру