ҚАНДАЙ ЕЛДЕ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ, МЫРЗАЛАР?

/uploads/thumbnail/20170708231332520_small.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.ТОҚАЕВ,

ҚР Бас Прокуроры А.Қ.ДАУЫЛБАЕВ,

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.З.ЖҰМАҚАНОВ,
ҚР Ішкі істер министрі Қ.Н.ҚАСЫМОВ мырзаларға!

 
Біреу айтса сенбестей жағдайды өз басымнан кештім...

Кенеттен кезіккен қырсық, төтеннен жабысқан жамандық: «Осы біз қандай елде тұрып жатырмыз?» - деген тұйық сауалға әкеп тіреді...

Биылғы жылдың 11-наурызы күні таңертең өзім­нің Орал қаласындағы жерүйімнен сыртқа шықсам, күнде ауланың көше беттегі есігінің алдында тұратын Мерседес көлігім орнында ұшты-күйлі жоқ. Алғашқы келген ой: «Ұрыларға қолды болды ма екен?» - деген қорқыныш еді. Көп ойланбай, құқығымызды қорғауға тиіс полиция бөлімшесіне телефон шалдым.

Сөйтсем, көлігім ұрланбапты. Иә, «қамқоршым» деген полициямда екен. Қуанышым қойныма сый­май, сол сәтте кезкелген полиция қызметкерін көр­сем, бас салып құшақтап, алғысымды айтқым келді...

Бірақ, полиция бөлімінен естіген ақпарым ап­тық­қан көңілімді су сепкендей басты. Маған өзі ха­барласқан, ұмытпасам, жол-полиция қызметкері НЕДОПЕКИН былай деді: «Кеше түнде сіздің көлігіңізге «Mitsubishi Pajero» маркалы көлігі соғып, көлік апаты болды. Біз тексергенде, «Mitsubishi Pajero»-ны басқарған жүргізушіде ешқандай құжаттары жоқ болып шықты. Біз хаттама толтып, кінәлі жүргізушіні үйіне босатып жібердік, ал, соқтығысқан екі көлікті тасымалдаушымен (эвакуатор) айып тұрағына (штрафная стоянка) апарып тастадық. Көлігіңізді ақылы тұрақтан аласыз...» - деді.

Мең-зең болып тұрып қалдым. Жол-полиция қызметкерінің «НЕДОПЕКИН» деген ныспысы есіме қолайсыз бір жағдайларды еріксіз түсіргендей болды. Иә, 2013 жылы болуы керек, Оралдың Т.Д.ӘЛІБЕКОВ деген тұрғыны ҚР Ішкі істер министрі Қ.Н.ҚАСЫМОВ мырзаға арыз-хат жазып, бұрын БҚО ІІД Су полициясының бастығы, ал сол кезеңде Орал қаласы ІІБ Жол полициясы бөлімшесінің бастығы Олег Иванович НЕДОПЕКИНнің заң­сыз әрекеттерін қатты сынға алған болатын. Арызданушының орыс тіліндегі шағымының қысқаша мәтіні мынадай: «За время работы О.И.НЕДОПЕКИН обложил «данью» всех пред­­принимателей, в том числе и незаконно пере­возящих «красную рыбу» и черную икру. На него неоднократно писались жалобы и зая­вления от граждан, как о вымогателе и сот­руднике злоупотребляющим служебным поло­жением. Но он, пользуясь своими корруп­ционными связями, в том числе и с руко­во­ди­телями правоохранительных органов обл­асти, уходил от ответственности.» Служ­ба внутренней безопасности ДВД ЗКО при прежнем руководителе также «лояльно» к нему относилась. Со сменой руководства службы внутренней безопасности в отношении НЕДОПЕКИНА О.И. было возбуждено уголовное дело по факту возврата конфискованной рыбы, лицам, у которых она была изъята, тогда как должна была быть обращена в доход государства. Данное уголовное дело было передано в ДБЭКП по ЗКО. Но, несмотря на это, «новое» руководство ДВД, назначает НЕДОПЕКИНА О.И. руководителем дорожной полиции УВД г. Уральска...»

Бұл хаттың кейінгі тағдырынан хабарсызбын, бірақ, маған қарлыққан дауысымен әлі де кіді­ріс­сіз бірдеңелерді айтып жатқан жол-полиция қызметкері НЕДОПЕКИН - әлгі арыз-хаттағы О.И.НЕДОПЕКИНнің жақыны болса, бұл істен әділдік күтіп, жақсылыққа жору - қиындау си­яқты көрінді. Айтқандай, кейінірек жол-по­лиция қызметкері НЕДОПЕКИН атышулы «О.И.НЕДОПЕКИНнің туысымын» депті...

- Кешіріңіз, сіз жол апатын жасаған әрі құжаты жоқ адамды қалай босатып жібердіңіз? Әншейінде өз бетімен текке кетіп бара жатқан кісілерді кідіртіп, құжаттарын тексеретіндеріңіз қалай? Бәлкім, ол қауiптi кылмыскер шығар?.. - деп, қарсы сұрақ қойдым мен, НЕДОПЕКИНге.

Полиция қызметкерінің менің сауалыма жауабы мен барлық әңгімесінің түп-төркіні қазір Қазақстанда қолданыстағы кезкелген заңдарды белден басып, кеудеден шаншығандай әсер етті.

- Мен оны қамай алмаймын, ол адам өлтірген жоқ қой?!. - деді ол.

Мәссаған! Сонда жол апатын жасаған жол тәртібін бұзушыны ((және басқа да заң тармақтарын (мысалы, жеке басының және жүргізушілік куәліктері мен көліктің техникалық құжаттары жоқ)) жауапқа тартып, ақ-қарасын анықтауға дейін уақытша қамау үшін міндетті түрде кісі өлтіруі керек пе?!.

Ол-ол ма, полиция қызметкері маған: «Сен көлігіңізді соққан адамнан ештеңе дәметпей-ақ қой. Оның саған беретін ештеңесі жоқ. Сіздерге «сочувствую»... - дейді.

- Менің ұялы телефон нөмірім көліктің алдыңғы маңдайша әйнегінің астында бадырайып жазылып тұр ғой, маған дереу неге хабарласпадыңыздар? - деген сұрағымды НЕДОПЕКИН естімеген болып, жауапсыз қалдырды...

...Мен салып ұрып МАИ-дың арнайы айып тұрағына (штрафная стоянка) бардым. Менің көлігімнің арты соғылған орасан күштен майырылып, бесінші есігі күлпарша сынып, жарамсыз болып қалыпты. Қатты соққыдан машинаның алдыңғы жағы да темір шарбаққа соғылып быт-шыт болыпты. Көретін жері жоқ, быт-шыт қираған көлікке қараудың өзі қорқынышты. Жол апатының айыпкері - «Mitsubishi Pajero» маркалы көлігі де осында тұр екен...

Ақылы тұрақтың күзетшісі: «МАИ мекемесінің рұқсатынсыз көлігіңізді бермейміз» - деді.

Сөйтіп, тағы бір күні айыппұл тұрағына көлі­гім­ді қалдырып, ертеңіне МАИ мекемесінен рұқсат алып, барлығы 9200 теңге (7500 тенге эвакуаторға және тәулігіне 900 теңгеден тұраққа) төлеп, көлігімді туыстарымның көмегімен штрафстоянкадан алдырып, үйімнің алдына апартып қойдым.

Менің құқықтарымды қорғап, ұйқымның тыныштығын күзетуге тиіс (халықтың салығы арқылы айлықтарын алып, бала-шағаларын асыраған) полициям есігімнің алдындағы көлігімді «қамап», өз қателіктері үшін маған айыппұл төлетті де, жол апатына нағыз кінәлі қылмыскерді босатып, еркіне жіберді...

Маған артық заттың, жат дүниенің қажеті жоқ. Мен тіпті көлігімнің багажындағы заттар мен ішіндегі жеке заттарымның тып-типыл тоналғанын айтқым да келмейді. Менің көлігімнің жол апатының куәгерлері МАИ мекемесі қызметкерлері мен жол апатына айыпты адамның тез арада өзара шүйіркелесіп, келіскендей болғанын айтады.

Меніңше, Қазақстанда ақшалы қылмыскерлер мен сыбайлас мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоятын уақыт жетті. Сондықтан, халыққа жариялап, құқық орындарына қос талабымды жеткізгім келеді:

БІРІНШІДЕН, менің азаматтық құқықтарымды қорғаудың орнына, керісінше, табанға тапта­ған Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департа­ментінің (арасында жол-полиция қызметкері НЕДОПЕКИН бар) тиісті қызметкерлері жауапқа тартылып, менің айыппұл төлеген шығындарымды, көлігімнің бүлінген шығындарын және моральдық шығындарды төлеулерін талап етемін!

ЕКІНШІДЕН, «Mitsubishi Pajero» маркалы көлігінің иесі (қазір Оралда мемлекеттік нөмірі 037 Lexus мініп жүр) Жәнібек есімді азамат (Бізге «Көлігімді екі күн бұрын жууға тастап кеттім» деп, полицияға «көлігімді ұрлап кетті» деп, кейінгі датамен арыз жазған) Қазақстанның қолданыстағы заңдарына сәйкес жауапқа тартылып, менің көлігімді толық қалпына келтіріп, жөндеу шығындары және моральдық шығындарды төлеуге тиіс!..

...Менің жұбайым, белсенді қоғам қайраткері, «Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы, «Қазақ Елі» республикалық газеті мен аймақтық «Жұмадағы жүздесу» апталығының бас редакторы Қажымұқан ҒАБДОЛЛА он бес жылдан астам уақыт бойы қазақтың қайғысы мен қасыретін қорғап-қолдап, мүддесі мен мұқтажын ащы тілмен ашық айтып келеді. Талай мәрте әдейі қастандықты, қорқытып-үркiтуді, шошытуды, өш алуды, сотқа сүйреулерді басынан кешті. Бала-шағасының амандығын тілейтін ана ретінде мен жұбайыма талай рет: «Тыныш жүрсеңші! Жалғыз өзің қоғамды түзете алмайсың ғой, бізді ойласаңшы!» - деп, ренжитін едім. Сөйтсем, мен қатты қателескен екенмін.

Қазіргі қазақ қоғамында иман мен мейірімді былай қойғанда, адамның һәм азаматтың қарапайым құқықтары аяқ астында табанға тапталып жатыр екен. Байлығы бар балпаң басып, қызметі бар қыбын табады екен. Жай адам, қара қазақ қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына күйінеді екен.

Мен үш баланың анасымын - елімнің қорғаушысын өсірген анамын!

Мен кішкентай кәсібі бар салық төлеушімін - елімнің ырыздығына үлес қосқан азаматшамын!

Мен елімнің күнгейлі келешегіне үміт қылып, Елбасыма таңдау жасаған сайлаушымын!

Ешбір адам, ешбір лауазым иесі менің аналық, азаматтық һәм сайлаушылық құқықтарыма тіл де, қол да тигізе алмауға тиіс! Сол себепті, жоғарғы биліктегі еркектік намысы мен лауазымдық міндетін ұмытпаған азаматтардың үнсіз қалмасына сенемін!

Байлығы көп бұра тартқан, билігі зор жұла тартқан елдің болашағы бар ма? Біз қандай елде тұрып жатырмыз, мырзалар?..

Қымбат ӨТЕГЕНОВА,

Орал қаласы,

Батыс Қазақстан облысы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар